Ұлы Абай және еңбек тәрбиесі

Таразда ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай облыстық ғылыми конференция өтті.

Әлемдік мәдениеттің ұлы тұлғасы өзінің мәңгілік мұрасында мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған.

Бірқатар баяндамашы ғалымдармен бірге Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепберген өзі модератор болған конференцияда Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген қазыналы ойларын тілге тиек ете отырып, сөз сөйледі.

Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Қарапайым еңбек адамдарының үлгілі істері жетерлік. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптегі адалдықты жоғары қоя отырып, еңбек құндылықтарының барлық уақытта өз заманында іскерліктің ұйытқысы, әлеуметтік бірліктің негізі екенін атап көрсеткенін талдап айтып берді. Ең бастысы, Абай шығармаларының жастардың еңбек тәрбиесіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз.

Бүгінгі Қазақстан кәсіподақтары қызметінде Абай көрсетіп кеткен Еңбек қасиеттеріне адалдық таныту идеялары айқындала түсуде, – деді кәсіподақ төрағасы.