Кәсіподақтар салауатты өмір салтын қолдайды

Қарағанды қаласының «Аманат Арена» спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының кубогы» үшін шағын футболдан Турнир өтті.

Салтанатты ашылу рәсімінде Ұлы Отан соғысының ардагері Пономарева Серафима Григорьевна алғашқы сөзді сөйледі. Сондай-ақ, «Қарағанды облысының Кәсіподақтар Орталығы» төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Мылтықбай Ғазалиев, «Қазақстандық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды қаласы филиалының төрағасы Яхия Альмусин өз тілектерін білдірді.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кубогын «Көпсалалы облыстық ауруханасы» КМК бастауыш кәсіподақ ұйымының командасы жеңіп алды. Екінші және үшінші орынды Қарағанды қаласының полиция басқармасы – «Динамо» және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ командалары бөлісті.

Жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Сондай-ақ, келесі номинациялар бойынша үздік спортшылар анықталды: «Үздік ойыншы» – Әлібек Рыхамбаев («SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби одағы» РҚБ ҚОФ), «Үздік қақпашы» – Мирас Крайев («Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ), «Үздік шабуылшы» – Әлібек Кәкімов (Қарағанды қаласының полиция басқармасы – «Динамо»), «Үздік қорғаушы» – Болысбек Мамитов (кәсіподақ ұйымының «Көпсалалы облыстық ауруханасы» КМК).