Еңбеккерлердің түйткілді мәселелері – Ақтөбе кәсіподағының назарында

Ақтөбеде кәсіподақтар орталығында Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы, Нұр-Отан партиясының өкілдері мен қалалық сот судьялары және еңбек инспекциясының мамандарының қатысуымен азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау, халыққа құқықтық көмек көрсету мақсатында Ашық есік күндері өтуде.

Азаматтардың өтініштері негізінен еңбек заңнамасы, зейнетақы мен жәрдемақы алу, әлеуметтік және медициналық сақтандыру, жұмысқа орналастыру және қаланың медициналық мекемелерінде көрсетілген қызметтердің сапасы мен несие мәселелеріне қатысты болды.

Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны Ұлмекен Аманғожина мүгедектігі бар тұрмыста болған қызына жолдасының несие рәсімдеп, кейін оны төлемей кеткендігін айтып шағымданды.

Сонымен қатар, «Синопек Қазақстан» серіктестігінің басшылығы кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, мәселелерді шешу жолын талқылады. “Казойлтранспорт” серіктестігінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері еңбек құқықтарын сақтау, жалақыны уақтылы төлеу, әлеуметтік кепілдіктің сақталуы т.б. мәселелер бойынша шағымдарын айтты. Еңбеккерлерге жан-жақты кеңес берілді.

Ашық есік күніне қатысқан көптеген азаматтар “Татуласу орталығына” тегін заң кеңесін алу және медиация рәсімін өткізу үшін жүгінуге ниет білдірді. Ақтөбе облысының Кәсіподақтар орталығына жүгінген азаматтардың әрбір мәселесі толық шешілгенге дейін бақылауға алынды.