Тағдыр тауқыметіне мойымаған жан

Қоғамда он екі мүшесі сау болса да, жатып ішер жалқаулар аз емес. Ал, біздің кейіпкеріміз Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылының тұрғыны Қайрат Кендірбаев есімді азамат барша қазақ еліне үлгі боларлықтай еңбек етуде.

Бірінші топтағы мүгедектікке берілетін жәрдемақыға қарап отырмай, 2018 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы Шымкент қаласында кірпіш құюдың қыр-сырын қысқа мерзімді курс арқылы оқып, бүгінгі таңда өз кәсібімен айналысуда.

Отбасында 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған Қайрат Жүнісұлы жастайынан өмірдің ауыр тәлкегін басынан өткерсе де, тағдырдың бұл қатал сынына мойымай, бір қолымен-ақ кірпіш құйып, сатуға шығарып жүр.

Бұл кәсіппен 2017 жылдан бастап айналысып келеді. Сол жылы 15 мың дана кірпіш құйған. Келесі жылы екі есеге көбейтті. Қайрат Жүнісұлы кірпіштің сапасына ерекше назар аударады. Мұның дәлелі – тапсырыс берушілердің жыл сайын көбейіп жатқаны.

– Кейде өздері түк істемей, мемлекеттен қол жайып, көмек сұрай беретіндерге таңғаламын. Аяқ-қолдары балғадай қазақтың ұл-қыздары үйлерінде отырып, түк істегілері келмейді. Содан соң, өздерін аянышты қылып, бізге еш жақтан көмек жоқ деген әңгіме айтады. Еңбек етем деген адамға бүгінгі таңда барлық жағдайлар жасалынған, – дейді Қайрат Кендірбаев.