Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген: “Корпоративтік-әлеуметтік келісім – өзара әріптестіктің жаңа деңгейі”

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» (ҚПО) Консорциумы арасындағы 28 ақпанда қол қойылған ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы корпоративтік-әлеуметтік келісімнің кәсіподақ ұйымдары үшін маңызы қандай?

Біріншіден, бұл айтулы оқиға әлеуметтік әріптестік тараптарының (жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілінің) әлеуметтік-еңбек саласында ортақ мақсатқа жету үшін бірлесе іс-әрекет атқаруға деген ниетін көрсетеді. Әрине, Қазақстан Республикасының заңнамасында қаралған әлеуметтік әріптестікті қамтамасыз ететін төрт сатылы жүйе бар. Дегенмен қазіргі таңда экономикадағы үлесі артып келе жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің әлеуметтік әріптестік жүйесіне қосылуға қызығушылық танытпауы немесе оны формальды түрде жүргізулері жасырын емес. Бұл орайда әлеуметтік әріптестік жүйесі негізінде қабылданған келісімдердің сапасы мен олардың толыққанды орындалуына бақылау жүргізу тетіктерін жетілдіру өзекті мәселелердің бірі.

Екіншіден, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» (ҚПО) Консорциумы басшылығының алғаш болып елімізде өз ықтиярымен корпоративтік-әлеуметтік келісімге қол қойғаны біздің елімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде халықаралық келісімдердің негізінде жұмыс атқаратын алпауыт компанияның мол тәжірибесінің, жауапкершілігінің, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарының бар екенін көрсетсе керек.

Үшіншіден, Кәсіподақтар Федерациясымен бірлесе бастау алған бұл үрдісті еліміздегі өнеркәсіптік өндіріс саласындағы «АрселорМиттал», «Қазақмыс» сияқты ондаған мың адам еңбек ететін еншілес кәсіпорындары бар алпауыт компаниялар да қолдап, өз салалары бойынша осындай өзара жауапкершілік пен ынтымақтастыққа негізделген келісімдер қабылдайды деген сенімдеміз. Түпкі мақсат бұл жерде еңбек адамының әлеуметтік – еңбек қатынастарындағы жағдайын жақсарта отырып жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізу, сол арқылы еліміздің экономикасының әлеуетін арттыру. Бұл қос тарапқа да пайдалы екені анық.