Көшбасшы жолы – жастарға өнеге

Биыл Түркістан облысы және Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының жанынан құрылған Көшбасшылар мектебінде екінші кездесу өтті. Бұл жолы бірінші кездесуге қарағанда жастар саны едәуір көп болды.

Кездесу барысында кәсіподақтар орталығының қызметкері Күлия Айдарбекова жастарға сөйлеу мәдениетін қалыптастыру ережелерін айта келе, жаңашылдыққа және ең бастысы, адал еңбек етуге шақырды. Күлия Смайылханқызы өз сөзінде кәсіподақтың негізгі бағыттары жайында айтып өтіп, еліміздің болашақ тіректері, болашақ еңбек адамдары, бүгінгі жас көшбасшыларға артылар үміт мол екенін жеткізді.

Еркін форматта өткен кездесуде жастар белсенділік танытып, өз ойларын ашық айтып, ұсыныстарын жеткізіп, кәсіподақтардың жастарды өз қанатының астына шоғырландыра отырып, елдің дамуына еңбек етіп жатқаны ерекше қуантатынын айтты.

Осы кездесуге Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері де қызығушылық танытып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді. Келесі кездесу наурыз айының 13-жұлдызында өтетін болады.