Фермерлер кәсіподақ ұйымын құрды

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі мен «Қазақстан фермерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы арасындағы өзара ынтымақтастық пен іс-әрекет жөніндегі меморандум аясында Жамбыл облысының Байзақ ауданының шаруа қожалықтары мен фермерлерінің аудандық кәсіподақ ұйымын құру жөніндегі алқалы жиын өтті.

Бұл облыстағы алғашқы пилоттық жобаны Байзақ ауданы әкімшілігі қолдап, аудан әкімшілігінде шаруа қожалықтарының басшылары мен фермерлердің басын қосты.

Алқалы жиында сөз сөйлеген Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Б.Қараулов елімізде қазіргі таңда кәсіподақтардың атқарып отырған рөліне тоқталып, алда тұрған мақсат-міндеттерін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіподақтардың қарапайым еңбек адамының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаушы ресми ұйым ретінде ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жан-жақты қамтылуын қамтамасыз ету бойынша бүгінгі таңда Байзақ ауданынан бастау алатын осы жобаны алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында іске асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Осы жиында шаруа қожалықтарының басшылары мен фермерлердің аудандық кәсіподақ ұйымының басшылығына Гүлнар Даулетбаева бірауыздан сайланып, ауыл шаруашылығы саласындағы шаруа қожалықтары басшылары мен фермерлердің аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысын басқару тапсырылды.