5 ғасыр жалғасып келе жатқан мұғалімдер династиясы

Шымкентте жалпы еңбек өтілі 500 жылға жуық мұғалімдер отбасы тұрады. Алтын құрсақты ана – Таштан Назарова білім саласында 30 жылдан астам қызмет атқарған. Еңбекке бір табан жақын болып өскен ұл-қыздары мен келіндері, тіпті немерелері де атасы мен әжесінің ізін басып, ұстаздық кәсіпті жалғап келеді. Қазір екеуінен тараған 12 баланың 11-і әке-шешесінің жолын қуып, шәкірт тәрбиелеп жүр.
Ұрпағын еңбекке баулып өсірген білім саласының үздігі зейнеткерлікке шықса да, жас буынға білгенін үйретуден жалыққан емес. Таштан Назарова еңбек жолын №54 мектепте кітапханашы болып бастап, бастауыш сынып мұғалімі болып жалғастырады. Таштан Назарова сол мектепте 35 жыл еңбек етіп, зейнетке шығады. Күйеуі Досбол сол мектепте қызмет етіп, өмірінің соңына дейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жүреді. Ақ жаулықты ана үшін бұл білім ұясының орны бөлек. Марқұм жары екеуі еңбекке баулып өсірген 12 перзенті дәл осы мектепте білім алды. Айтуларынша, бір отбасының адамдары бір мектепте қызмет етуі жақсы нәрсе. Бәрі де тәрбиеге байланысты. «Бір-бірімізге мейірімдіміз, бір-бірімізге жағдай жасаймыз, көмектесеміз, үйретеміз» дейді Назаровтар. Қаншама жылдар өтсе де Таштан апай қай кітаптың қай сөреде сақтаулы тұрғанын жақсы біледі. Ұлы Батырхан Назаровтың айтуынша, бұрын мектепте ер мұғалімдер аз болса, қазір қайта көбейіп келеді. Ол қызмет ететін №55 мектепте 25 ер мұғалім бар екен. Алтын құрсақты ана алты ұлы мен алты қызынан 50 немере, 20 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Келіндері мен немерелерінің алды оқу бітіріп, мұғалім болып еңбек етеді екен.