Ұлы істің қызметкерлері

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның мейірімі мен қайырымына, аялы алақанына мұқтаж екенін бәріміз білеміз. Егде жаста жалғыз қалған қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өзінің көмегін аямай жүрген әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы орасан зор.
Республикалық «Ер еңбегімен сыйлы» акция аясында әлеуметтік қызметке өзінің 20 жылын арнаған – көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Саменова Зәуреш Шалдыбайқызына арнағымыз келіп отыр. Зәуреш Шалдыбайқызы Алматы қаласының Әуезов ауданының «Мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында» 5 жыл әлеуметтік қызметкер, 11 жыл кеңес берумен және 4 жыл бөлім меңгерушісі қызметін атқаруда.
«Алғашында Алматы қаласының жалғыз басты 1, 2 топ мүгедек жандарына көмек көрсетуден бастадым. Кейін 2004 жылы «Мүгедек балаларды оңалту орталығы» ашылған соң сонда ауыстым. Мүгедек балалармен жұмыс істеу маған қиындық тудырған жоқ. Себебі әлеуметтік қызметкер болмас бұрын мектепте мұғалім болып жұмыс жасағанмын. Балалардың мүмкіндігі шектеулі дегені болмаса оларда біздің Елдің толыққанды азаматтары» – дейді Зәуреш Саменова.
Орталықтың мақсаты оңалтып қана қоймай, балалардың өмірге деген құлшыныстарын арттыру, құқықтарын қорғау және қоғамдағы өздерінің орындарын табуға жәрдемдесу болып табылады. Балаларға орталықта психолог, дефектолог, логопед, емдік физикалық жаттығулар және т.б. көмектер көрсетіледі.
– Әлеуметтік қызметкердің бойында болу керек ең басты қасиеттер ол адамгершілік, балаларға деген сүйіспеншілік, басқаның қайғысына ортақтасып көмек қолын созуға дайын болуы. Осындай қасиеттердің барлығы Зәуреш Шалданбайқызының бойында бар, – дейді ұжымдағы әріптестері.
Сіздердің көмектеріңіз мұқтаж жандарға баға жетпес елеулі қолдау. Материалдық құндылықтар емес қаншама адамға қуаныш пен үміт сыйлап жүрген Орталықтың ұжымына алғыс білдіреміз.