Шымкентте Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Бекжановтың төрағалығымен салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдары өкілдерінің кезектен тыс Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 “Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы” Жарлығы аясында профилактикалық мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, салалық кәсіподақ басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Атап айтсақ, “YNTYMAQ” орта және шағын бизнес саласы жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Б.Әлтеев пен Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы А.Маметовке қоғамдық көліктер мен мекемелерде санитарлық жұмыстардың жүргізілуі және оны бақылауға алу тапсырылды.

Бұдан бөлек, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалы төрағасы Ерқозы Батырбековке қаланың дәрігерлерімен тәулік бойы тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, мән-жайды баяндау жүктелді.

Салалық кәсіподақ басшыларына өз ардагерлеріне қолдау көрсетіп, санитарлық-гигиеналық заттар және дәрі-дәрмектермен көмек көрсету туралы өтініш айтылды. Сонымен қатар, Берік Айдарбекұлы еңбек адамдары бірлігінің ұйытқысы болған бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, демалысқа шыққан еңбеккерлердің жалақылары уақытылы беріліп, еңбек құқықтары қорғалуын назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, бүгіннен бастап, жұмыс барысындағы мәселелер мен жағдайлар онлайн режимде жүргізілетінін ескертті.