Үшжақты комиссия өкілдері аудандарды аралауда

Жамбыл облысы әкімдігі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Үшжақты комиссия әр аудандағы комиссия тиімді және нақты нәтижелі жұмыс атқаруы үшін көшпелі мәжіліс өткізуді қолға алды.

Байзақ ауданына облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген мен облыстық Еңбек инспекцисының басшысы Қ.Досаев барды. Алқалы мәжілісте аудан әкімі Н.Нұржігітов жұмыскерлерге лайықты жалақы төлеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, ұжымдық шарттың болуы мен ондағы талаптардың орындалуы, жалақыны ұжым табысына сай көтеру жөнінде баяндама жасады.

Аудан мысалында әрбір өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Бұл арада кәсіподақ ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің ықпалды тұстары көп айтылды. “Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымы болуы қажет” деген пікірге орай жақында аудандағы 1800 шаруа қожалықтарының біріккен кәсіподақ ұйымы құрылғаны туралы айтып өтуге болады.

Сондай-ақ, “Тараз-май” ЖШС ұжымының жұмыскерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмектің барысымен танысты. Б.Есенбаев басқаратын ұжымда 50 адам еңбек етеді. Орташа жалақы – 120 мың теңге. Енді бұл көрсеткішті биыл 140 мыңға жеткізбек.

Үшжақты комиссия мүшелері аудандық әріптестеріне әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу өте маңызды, сондықтан жүйелі әрі пәрменді жұмыс істеу жолдарын пысықтады. М.Төлепберген Кәсіподақтар федерациясының қолға алып отырған іс-шараларының мән-маңызымен таныстырып, түрлі сауалдарға жауап берді. Мұндай кездесулер барлық ауданда өтетін болады.