«Ең бай әке» кітабы оқырманға жол тартты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының шаңырағында белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы Әкім Ысқақтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Ең бай әке» кітабының  тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақты жазушының бір топ шәкірттері шығарған. Оған Әкім Ысқақтың Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оқырмандарынан келген хаттар, естеліктер, жас ақындардың арнау өлеңдері енгізілген. Сондай-ақ Өмірбек Байгелді, Марат Оспанов, Фариза Оңғарсынова,  Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек Есдаулет, Көпен Әмірбек, Несіпбек Айтұлы, Мархабат Байғұт сынды қазақ зиялыларының жазушы туралы айтқан ой-пікірлері де бар.

«Қайраткер Әкім Ысқақ 60 жасына дейінгі өмірін Адам іздеумен, шәкірт жинаумен, тілеулес табумен өткізді. Ғұмырындағы осынау миссиясы сәтті орындалып келе жатқанына жұрт куә. Қаламгердің мерейтойы қарсаңындағы шәкірттерінің тарту кітабында шәкірттерінің естеліктері мен тілектеріне, арнауларына басымдық берілді», – дейді «Ең бай әке» кітабының құрастырушысы Абай Сейфуллаұлы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі ұйымдастырған жиында кітаптың тұсауын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев, Қазақстан Республикасы Парламентінің бірнеше шақырылым депутаты, ф.ғ.д. Уәлихан Қалижан, сатирик Көпен Әмірбек қиды.

«Кітаптың атының «Ең бай әке» деп қойылуы өте ұтымды. Бұл Әкім Ысқақтың рухани бай екенін көрсетеді. Бір шетінен осындай кітаптың шығуы – Әкімнің және оның шәкірттерінің тындырымдылығының нәтижесі. Жақсы кітап», – деп баға берді Көпен Әмірбек.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков Әкім Ысқаққа латын қарпінде жасалған гербтің бір нұсқасын тарту етті. Сонымен бірге жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары, ақын Асқар Өртембаев, «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, журналист Бекен Қайрат және тағы басқа қоғам қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі. Шәкірттері шығармаларынан үзінді оқып, әндерін орындады.