#БізБіргеміз акциясы аясында

Шымкент қаласының жалынды жастары #БізБіргеміз акциясы аясында коронавируске қарсы күресу және қорғану бағытында қала тұрғындарына 20000-ға жуық тегін медициналық бетперделер (маска) үлестірді.

Акцияға «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, ерікті жастар қатысты.

Іс-шара барысында жастар қаладағы адамдар көп шоғырланатын жерлерде, автотұрақтарда, қоғамдық көліктерде, саябақтарда, сондай-ақ, полиция бөлімшелерінде бетперделер таратты.

Өз кезегінде, «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері мұнымен тоқтап қалмай, «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің қызметкерлерін және орталыққа келушілерді бетпердемен  толық қамтамасыз етіп, келушілерге қауіпті індеттен қорғану жөнінде ақпарат беріп, сақтану жолдарын түсіндірді.