Шымкентте әлеуметтік төлем бойынша штаб отырысы өтті

2020 жылдың 31 наурызында Шымкент қаласының әкімдігінде «Төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға және нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеген жеке тұлғаларға әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру бойынша» штаб отырысы өтті.

Штаб отырысын қала әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы жүргізіп, соңынан БАҚ өкілдеріне брифинг берілді.

Штаб отырысына кәсіподақ тарапынан штаб мүшесі – «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы  Серік Елемесұлы қатысты.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Өмірсейітқызы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен бекітілген әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру қағидасы бойынша хабарлама жасап, толығымен түсіндіріп өтті.

Оны халыққа жеткізу мақсатында әлеуметтік желілерге жарияланып, 1-сәуірден бастап телеарналардан арнайы дайындалған роликтер көрсетілетіндігі хабарланды.

Штаб отырысында 21 мекеменің 59 жұмыскері бойынша және 21 жеке азаматтан, жалпы 80 адам бойынша түскен құжаттары қаралды.

Өкінішке орай, өтініштердің және басқа да құжаттарының толық болмауына немесе ЕРЕЖЕ талаптарына сәйкес құжаттардың толық тапсырылмауына байланысты, олар оң шешімін таппады. Яғни, ол мекемелер мен жеке азаматтар құжаттарын ЕРЕЖЕ талаптарына сәйкес берілген қосымшаларды дұрыс толтырып, оған қоса берілетін құжаттарын толықтырып қайта тапсыруы тиіс.

Осыған байланысты кәсіподақ ұйымдары да аталған мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.