Тоғжанов: қазақстандықтар үш айға салықтан босатылады

ҚР Премьер министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов үкіметтің президент тапсырмасы бойынша дағдарысқа қарсы қандай шаралар қабылдап жатқаны туралы жеткізді.

“Әлемдік өркениеттің басына түскен бүгінгі экономикалық жағдай баршаға ортақ мәселе.  Осындай қиын кезеңде мемлекет ел азаматтарына әлеуметтік, экономикалық, медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қабылдауда.  Қоғамның әр бір санатына қатысты шаралар жеке қаралуда. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мәлімдемесінде шағын және орта бизнес өкілдерінің мемлекет назарынан тыс қалмайтынын да баса айтты”,-деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, үкімет шешімімен:

-шағын және орта бизнес үшін барлық салықтарды төлеу 3 айға – яғни 2020 жылғы 1 маусымға дейін шегерілді;

– салық міндеттерін қамтамасыз ету шаралары мен тәсілдерін қолдану, сонымен қатар салықтық, кедендік қарыздар мен әлеуметтік жарнаны төлеуге міндеттеу 2020 жылғы 1 маусымға дейін тоқтатылды;

– төтенше жағдай кезеңінде мерзімі келген камералдық бақылау бойынша хабарландыру хаттарының орындалу уақыттары 2020 жылғы 1 маусымға дейін ұзартылды;

–  өз бастамасымен тағайындалатын мемлекеттік кіріс органдарының тексеру шаралары төтенше жағдай кезеңінде уақытша тоқтатылды.

Сонымен қатар, экономиканың ең көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес үшін 6 айға (биылғы жылдың 1 сәуірінен 1 қазанына дейін) салықтар мен басқа да төлемдерді есептеу және төлеу тоқтатылды. Яғни:

– мүлік салығы (ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, мәдениет және спорт нысандары, тамақтану орындары, қонақ үй бизнесі мен туристік қызмет үшін) – жыл соңына дейін 0%;

– жалпы белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығы – жыл соңына дейін 0%;

– ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауылшаруашылық жерлеріне жер салығы – жыл соңына дейін 0%;

– агроөнеркәсіптік кешені саласында ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандар импортына ҚҚС (НДС) – жыл соңына дейін 0%;

– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі үшін ҚҚС (НДС) жыл соңына 12% -дан 8% -ға дейін;

– әлеуметтік салық – 2020 жылдың 1 қазанына дейін 0%;

– жалақыдан жеке табыс салығы – 2020 жылдың 1 қазанына дейін 0%;

– міндетті зейнетақы жарналары – 2020 жылдың 1 қазанына дейін 0%;

– әлеуметтік аударымдар – 2020 жылдың 1 қазанына дейін 0%;

– МӘМС-ге жарналар мен аударымдар 2020 жылдың 1 қазанына дейін 0%.

Бұл шарамен 700 мыңнан астам салық төлеуші қамтылатын болады.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар азық-түлік тауарларына импорттық баж салығын төмендету мәселесі қарастырылуда.

Үкімет фермерлерді қолдауға да баса назар аударып отыр. Атап айтқанда, жоспарланған көктемгі егіс науқаны үшін қосымша қаржылық ресурстар қарастырылған. Бүнымен қоса, қазақстандық фермерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5%-дан аспайтын мөлшерде 70 млрд. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін дизель отынының бағасы литріне 165 теңгеге дейін немесе нарықтық бағадан 15%-ға дейін төмендетіледі.

“Үкімет өз тарапынан барлық міндеттерін атқарады. Ал, сіздердің алдарыңызда дәл қазір, карантин кезеңінде, бір-ақ міндет тұр – өз үйлеріңізде отырыңыздар.Төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытып, немкетті қарауға болмайды. «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Бұл өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жақындарымыз үшін де өте маңызды”, -деді қазақстандықтарға қарата айтылған сөзінің соңында Ералы Тоғжанов.