ҚР Кәсіподақтар Федерациясы коронавирус пандемиясымен күрестің алғы шебінде жүрген еңбек адамдарына алғыс айтты

Бұл туралы бүгін ҚРКФ төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Дәулеталин өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Ел басына күн туған сын сағатта ортақ істен Кәсіподақтар федерациясы сырт қала алмайды. Наурыздың 31-і  мен сәуірдің 6 -сы аралығында Федерация «Еңбек адамдарына рақмет» атты арнайы челлендж ұйымдастырып,  16  аумақтық кәсіподақ бірлестіктері қиын-қыстау кезеңде халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына әлеуметтік желілерде ризашылықтарын білдірді. Жақсылық жасаудан жарысқан жандардың еңбегін жарқырата жайып салуды мақсат еткен челлендж барысында еліміздің әр өңіріндегі талай еңбек адамының аттары аталып, көпшілікке таныстырылды.

«Бұл күндері біз әр қазақстандық үшін күнделікті денсаулығына қатер төндіре отырып, қызмет етіп жүргендердің елеулі еңбегін айттық, көрсеттік. Қымбатты біздің медицина қызметкерлері, жүргізушілер, полиция қызметкерлері, журналистер, сатушылар, энергетиктер, әлеуметтік қызметшілер, еріктілер, жеткізушілер, аула тазалаушылар! сіздердің әрқайсыларыңыз бізді қорғаудасыздар. Бүгінгі жағдайда сіздердің атқарып жүрген еңбектеріңіз – ерлік! Сіздерге шексіз тағзым! Өздеріңізді сақтаңыздар! Біз Сіздердің еңбектеріңізге алғыс айтамыз! Біз Сіздерді мақтан тұтамыз!», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақ көшбасшысы сонымен қатар, барша қазақстандықтарды төтенше жағдай кезеңінде басын қауіп-қатерге тігіп, ел игілігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген жандарға  қолдау көрсетуге әрі инфекцияны жұқтыру қаупін азайту үшін сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.

«Үйде болуларыңызды сұраймын! Карантин шарттарын сақтайық! Қатаң тәртіп пен барлық ережелер сақталған жағдайда ғана COVID-19 қарсы күресте жеңіске қол жеткізе аламыз. Біз барша қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымақтастығының арқасында осы қиындықты еңсеретіндігімізге сенімдіміз»,-деді ҚРКФ төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Дәулеталин.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі