Еңбек адамының мүддесін қорғайтын үшжақты меморандум жасалды

Жұмыс берушілер, қала әкімдігі және Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақ орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Үшжақты келісім-шарттың басты мақсаты – өндірістік процестерді тұрақтандыру, сеніп тапсырылған учаскелерде ағымдағы жұмыс орындарын сақтау және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ жоспарланған жобаларды ұлғайту болып табылады.

Бұл маңызды құжатқа елордадағы 70-ке жуық ірі кәсіпорындардың басшылары, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Н.Нұркенов және Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Т.Есентаев қол қойды.

Жұмыс беруші өндіріс көлемі немесе жұмысшыны қысқарту қаупі төнген кезде кәсіподақпен келісіп, толық емес жұмыс уақытына көшуді, жұмыс орнын қысқартпау мүмкіндігін қарауы тиіс. Экономикалық, өндірістік сипаттағы дағдарыс жағдайында жұмысшыларды әлеуметтік қорғауға алуға міндетті. Сонымен қатар еңбек шартына, соның ішінде қайта ұйымдастыру, жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты өзгеріс енгізерден 1 ай бұрын, қалалық әкімдік пен кәсіподаққа хабарлауы керек. Қалалық әкімдікке өз тарапынан кәсіпорынның өндірістік қызметінің проблемалық мәселелерін шешуге, инвестицияларды тарту және инновацияларды енгізу үшін қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған шараларды қолға алу, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қызметкерлерді кәсіби және қайта оқытуға жәрдемдесу міндеттеледі. Ал, қалалық кәсіподақтар орталығы тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік-еңбек дауларын болдырмау мақсатында еңбек ұжымында жұмыс беруші мен мемлекеттік органдардың өндірістік процестерді тұрақтандыру бойынша жүргізетін шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Басты мақсат – қиын кезеңде бірігіп, өндіріс орындарының тұрақтылығын сақтап, еңбек адамының мүддесін қорғау.