Ақтөбе облыстық салалық кәсіподақ мүшелері коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге зор үлесін қосуда

Облыс көлемінде, аудан орталықтарындағы, шалғай ауылдардағы білім ордаларында кәсіподақ мүшелерінің жеке белсенділігімен 9000-ға жуық бетперделер тігіліп, таратылды.

«Біз біргеміз!» акциясы аясында облыстық, аудандық, бастауыш кәсіподақ ұйымдары бетперделер, дезинфекциялық және антисептикалық құралдар алуға 1 817 000 теңге ақша бөліп, мұқтаж жандарға таратылды, білім беру мекемелерінде қызмет атқарып жатқан көп балалы, аз қамтылған отбасының кәсіподақ мүшелеріне, еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге үйлеріне барып, қаржылай, азық-түліктей қайырымдылық көмектер көрсетілді. Мысалы, Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы 25 отбасына, Шалқар аудандық ұйымы 20 отбасына, Темір аудандық ұйымы 8 отбасына, Ойыл аудандық ұйымы 5 отбасына қайырымдылық көмек көрсетті, барлығы 780 000 теңгеге.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдары да қайырымдылық көмек көрсетуден қалыс қалмады. Мысалы, Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі, Ақтөбе көлік, коммуникациялар және жаңа технологиялар колледжі, Шалқар аграрлық-техникалық колледжі және Ақтөбе қаласының №19 орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымдары ақша бөліп, бетперделер тігіп, дезинфекциялық және антисептикалық құралдар алып, мұқтаждарға таратты, Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымы 8000 теңге қаржы бөліп, 2 отбасына қайырымдылық көмек көрсетті.

Кәсіподақтан барлығы 2 443 000 теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар жүйелі және тұрақты түрде жүргізіле береді.