«Сарыарқа» жастарының бастамалары

Төтенше жағдай кезінде Осакаров ауданы Ертіс ауылының еріктілері коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жұмыстарына белсенді атсалысуда.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының «Келешек» Жастар кеңесінің төрағасы Ринат Елубаев осы ауылдың «Жастар Алаңы» жастар бірлестігінің көшбасшысы ретінде «Біз Біргеміз» республикалық акциясын қолдау мақсатында ауылдың белсенді жастарымен бірге жақсылық жасауға ниет білдіріп, қаражат жинау жұмыстарын ұйымдастырды.

Жиналған қаражатқа көп рет қолданылатын маскаларды (280 дана) тігу үшін қажетті материалдар сатып алынды, сондай-ақ барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, 4 отбасыға бірінші кезекте қажетті азық-түлік жиынтығы түрінде көмек көрсетті.

Ринат Елубаев барлық еріктілерге алғысын білдіріп, бұл акция әлі де жалғасын табатынын айтты.