Коронавирус денсаулық сақтау жүйесі үшін ғана емес, білім саласы үшін де біліктілік пен кәсібилікке сынақ болды.
Жаңа жағдайда біздің ұстаздарға оқу бағдарламасы мен қашықтықтан оқыту контентіне бейімделуге, жаңа оқу құралдарын, сервистер мен платформаларды танып білуге және қолдануға, оқушылар және ата-аналармен кері байланысты қалыптастыруға тура келді.
Олар өмірдің бұл сынағына лайықты жауап бере алды. Бүгінде интернетпен оқыту деңгейлерге, графиктерге, пәндерге нақты бөлінген. Мұнда оқушылар мен студенттер жаңа оқу форматына бейімделуде және ең бастысы, білім қорын толықтыруға деген ынталарын жоғалтпайды.
Карантин ұстаздарсыз да оқуға болады және мектеп дегеніміз жеңіл де қарапайым дүние деген пікірдің бос сөз екенін дәлелдеді.
Біз балаларымыз бен олардың оқу пәндерімен бетпе-бет келген кезде ұстаздарымыздың еңбегінің қаншалықты күрделі де маңызды екенін толық түсіндік.
Бұл жағдайда да кәсіподақтар игі істерден сырт қалмады, яғни педагогтарға қажетті қолдауды көрсетуде. ТЖ режимі енгізілген уақыттан бастап білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының мүше ұйымдары өз бюджетінен 46 744 000 теңге бөлді. Бұл қаржыға 5000 жуық отбасыға көмек көрсетілді.
Мәселен, Алматыда «Ұстаз» білім саласының қалалық жергілікті кәсіподағы және оның аудандық филиалдары күрделі жағдайға тап болған әріптестеріне 675 000 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті, бетперделер, бахилалар алуға 1 000 000 теңге бөлінді. Жалпы көмек қоры 1 675 000 теңгені құрап отыр.
Алматы технологиялық университетінің кәсіподақ комитеті мақсатты топтардағы (жетімдер, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, жас отбасылар) 60 студентке материалдық әлеуметтік көмек ретінде 1 миллион 200 мың теңге бөлді.
Жамбыл облысында кәсіподақ мүшелері «Әулие-Ата парызы» қоғамдық қорының есебіне 329 400 теңге көлемінде біркүндік жалақыларын жіберді.
Ақтөбе облысында Ырғыз ауданы білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағы 25 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетсе, Шалқар ауданының кәсіподақ ұйымы – 20 отбасыға, Темір ауданының кәсіподақ ұйымдары – 8 отбасыға, ал Ойыл ауданының кәсіподақ комитеттері – 5 отбасыға, жалпы 780 000 теңге көлемінде көмек көрсетті. Кәсіподақтардан 2 443 000 теңге бөлінді.
Республикамыздың барлық өңірлерінде білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының мүше ұйымдары педагогикалық еңбек ардагерлеріне, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күнделікті қажетті көмек көрсетуді жалғастыруда. Әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақтардың белсенді жұмысын атап өту қажет.
Ақмола, Ақтөбе және Павлодар облыстарындағы білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүше ұйымдары салалық келісімдерді мемлекетте немесе өңірде төтенше жағдай жарияланған уақытта жұмыстың тоқтап тұруына байланысты осы кезеңді орташа жалақы көлемінде өтеу туралы нормамен толықтыру мәселесін қарастырды. Жалақы, әлеуметтік төлемдерді алу және т.б. өзекті мәселелер бойынша өтініштерді қарастыру және кеңес беру кәсіподақтардың толық бақылауында.
Мәселен, Қызылорда облысында балабақшаның 3 жұмысшысына жалақыларына 25% үстеме төленбеген. Кәсіподақ комитетінің белсенді қатысуымен қайта есептеу жүргізіліп, 2 172 389 теңге көлемінде төленбеген үстеме қайтарылды. Еліміздің әр өңірінде «шұғыл байланыс желісі» іске қосылған. Осы орайда әр жүгінген азаматқа кәсіподақ мүшесі болмаса да, кәсіби құқықтық қолдау мен көмек уақытылы көрсетіліп келеді және де көрсетіле бермек.
Білім қызметкерлері салалық кәсіподағы (төрайымы А.М.Мұқашева) мен оның жергілікті құрылымдарында қызмет атқаратын әріптестерге өз ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздерге және барлық педагогтарға ақ пейілдеріңіз, адал да маңызды еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз! Өздеріңізді сақтаңыздар!
Ал бар қиындықты біз әрқашан бірлесіп еңсереміз!
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының м.а. Сатыбалды Дәулеталин