Пошта қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасауда

Төтенше жағдай кезінде қызметін тоқтатпай, үздіксіз жұмыс атқарып отырған ​ пошта қызметкерлерінің еңбек жағдайы жіті назарда. Жұмыскерлерге кәсіподақ ұйымы тарапынан ​ 3500 бетперде, 52 респиратор, 2900 қолғап, 61 антисептик бөлінді. Еңбек жағдайы әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушімен бірлесе жүйелі ұйымдастырылуда, қызметкерлерге басқа да қорғаныш заттар, атап айтқанда, пошташыларға арнайы қорғаныш киімі алынды, қызметкерлердің жұмысқа қатынауы үшін 3 автобус бекітіліп, жұмыс орынына тасымал ұйымдастырылуда.

Қазірде «ҚазПошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы жұмысы төтенше жағдай мен карантиндік режимге бейімделіп, қашықтықтан қызмет көрсету, жедел желі жүйесі, мобильді топтар арқылы қарқынды жалғасуда. Қызылорда қаласында штаттық режимде жұмыс жасап тұрған 16 бөлімшемен қатар, елді мекендерге барып, қызмет көрсетуге 4 мобильді топ, жедел желіге 20 қызметкер, зейнетақы мен жәрдемақыны тұрғындарға үйіне жеткізу мақсатына 6 мобильді топ жұмылдырылған. ​