Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбек құқығы мен қауіпсіздігі – кəсіподақ назарында

Ақтөбеде қазіргі төтенше жағдай кезінде жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер де жұмыстарын талапқа сай өзгертті. Автопарк серіктестігінің 400-ге тарта жұмысшысы – жергілікті кəсіподақ ұйымына мүше.

Жергілікті кəсіподақ ұйымында індеттің алдын-алу және оған қарсы күрес шараларын орындауға басты назар аударылған. Бүгінде жұмысшылардың дені карантин жағдайында еңбектен қол үзген жоқ. Бірқатары дистационды жұмыста, бірқатары жалақысы сақталмайтын еңбек демалысында.

Төтенше жағдайға байланысты тəулігіне белгіленген кестеге сай 50 автобус жүреді. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің денсаулықтары да бақылауда. Барлық жұмысшылар бетперде және қолғаптармен қамтылған. Автобустар əрбір рейс сайын дизенфекцияланады.

Карантин кезінде автобустардың қызмет ету уақыттары таңертеңгі сағат 07-ден 09-ға дейін, түскі сағат 12-14 аралығында, кешкі сағат 18-21 аралығында белгіленген. Бұл азаматтардың топтасып мінуін азайтуға, жолаушылар тасымалында арақашықтық ережесін сақтауға септігін тигізеді. Қазіргі кезде қоғамдық көліктердегі санитарлық ережелерді қатаң сақтауға ұжым басшылығы барлық мүмкіндік жасаған.

Жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуын кəсіподақ үнемі бақылауда ұстайды.