Игілік басы – ынтымақ

Елімізде, елімізде емес-ау, дүниежүзіне тарап жатқан індет, яғни короновирус бүгінде адамзат атаулыға өте ауыр тиіп тұр. Жер шарындағы көптеген мемлекеттер бар күшін осы COVID-19 індетімен күресуге жұмсап жатыр. Қолдан келгенше бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектерін ұсынуда.
​Бір кездері мұғалім мен дәрігер мамандығының қадірі кетіп, әркімнің қолжаулығына айнала бастаған кезде, әлде сынақ па, әлде қандай да бір тылсым күш пе екен… әйтеуір бүгінде дәл осы екі мамандық иесінің қадірі артып, еңбектері шынайы бағаланып отыр. Әлеуметтік желілерде әсіресе ата-аналар тарапынан ұстаздарға деген алғыстар шексіз. Бұл мамандық иесі болу екінің бірінің қолынан келмейтіндігі, яғни соншалықты ауыр екендігін енді түсінгендері жайлы көптеген пікірлер айтылуда.
​«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай қиын-қыстау заманда Шығыс Қазақстан облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы «Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі» КМҚК үлкен қолдау жасады. Атап айтсам, бала күтімі бойынша демалыста отырған 6 ананың отбасына азық-түлік түрінде көмек көрсетті. Ал, оқу орнының кәсіподағы 1 көп балалы және 2 аз қамтылған отбасына материалдық тұрғыда қол ұшын берді.
Карантин жағдайында оқу орнымыздың ұстаздарына еңбекақы толық 100 % төленіп отыр, себебі оқытушыларымыз қашықтықтан білім беруде. Техникалық қызметкерлер, өзге де жұмыскерлердің ешқайсысы ақысы төленбейтін жұмысқа жіберілген жоқ. Назгүл Қасенова жетекшілік еткен білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы жұмыскерлер құқығының қорғалуын жіті бақылауда.
​ Кәсіпорын директоры Фархад Сақанұлы ұстаздарға, студенттерге, қызметкерлерге карантин кезінде техникалық құралдарды уақытша қолдануға рұқсат етіп, қолдан келгенше жан-жақты жағдай жасап, көрегендік таныта білді.
Қайырымдылық – адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қайырымдылық мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. «Игілік басы — ынтымақ, ынтымақты елде күншуақ» демекші, бұл күндер де артта қалар, бастысы – аман болайық! Біз біргеміз!!!

«Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі» КМҚК кәсіподақ ұйымы