Коммуналдық қызметтің жұмысшылары үздіксіз қызмет істеуде

Карантин уақытында құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының қалалық филиалының көптеген мүшелері елорданың әлеуметтік маңызы бар объектілерінде жұмыс істеуде. Олар тұрғындарға жылу мен жайлылық, тазалық пен тәртіп жасай отырып, жалпыға ортақ тұрақтылық пен тыныштық игілігі үшін қызмет атқаруды жалғастыруда.
Қалалық құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Тілеулес Мадиярованың берген мәліметі бойынша қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, үздіксіз жұмысын жасап отырған мүшелік ұйымдардың жалпы санының 30-50 пайызы төтенше жағдай жағдайында жұмыс істеуді жалғастыруда. Соның ішінде, “Астана су арнасы” МКК, “Астана-Теплотранзит” АҚ, “Астана-Тазалық” ЖШС, “Астана-Зеленстрой” ЖШС-нің кеңсе қызметкерлері жұмыстарын қашықтықтан атқарса, өндірістік жұмысшылар штаттық режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ, жасы 55-тен асқан жұмысшылар мен көп балалы аналарға ең төменгі жалақы мөлшері төленіп, демалысқа жіберілді. Ал, “Астана қалалық жарық” ЖШС-да қызмет ететін барлық ​ 121 адам үздіксіз штаттық режимде еңбек етуде.
​ Қашықтан жұмыс істеп отырған қалалық филиал аппараты жұмыс уақытында туындаған барлық мәселелер бойынша ақпараттық чат, электрондық пошта, әлеуметтік желілер арқылы​ кеңес беруде.