Кәсіподақтар федерациясының «Меркі» шипажайы карантинге берілді

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы короновирус пандемиясының таралу қаупін азайту мақсатында Жамбыл облысындағы «Меркі» шипажайына вахталық әдіспен басқа облыстарда жұмыс істейтін жұмысшыларды орналастыруға шешім қабылдады.

Бүгінгі таңда шипажайда Жаңаөзеннен оралған 164 адам карантинге жатқызылған.

Жақын күндері шипажайға қосымша 178 жұмысшы келеді деп күтілуде.

Карантин кезеңінде инфекцияның таралуын болдырмау үшін жұмысшылар туыстарын көре алмайды.

Өз кезегінде шипажай қызметкерлері қонақтарға барлық жағдайды жасауда.

Қазіргі уақытта «Меркі» шипажайында 86 адам жұмыс істеуде. Оның 47-сі медицина қызметкерлері (дәрігерлер мен медбикелер). Сонымен қатар, көршілес жатқан Т.Рысқұлов пен Шу аудандарынан көмекке 21 медицина қызметкері тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде ТЖ режимі жарияланғаннан бері, ҚР Кәсіподақтар федерациясы коронавируспен күреске белсенді ат салысуда. Федерация қазақстандықтарға көмек ретінде өз құрамындағы бірқатар нысандарды карантин үшін уақытша мемлекетке берді. «Меркі» шипажайы федерацияның мемлекет қажеттілігіне берген алтыншы нысаны.