Кәсіподақтар федерациясы барлық республикалық кәсіподақтар бірлестіктерін жаңа Бас келісім жобасы бойынша бірлескен ұстанымдарды әзірлеуге шақырады

Құрметті достар!

Осы жылы 2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және жұмысшылардың республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісімнің мерзімі аяқталады. Сондықтан да, Кәсіподақтар федерациясы наурыз айынан бастап жаңа Бас келісімнің жобасы аясында тиісті жұмыстарды бастап кетті.

Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болды, әлеуметтік-еңбек қатынастарының реттелуін қамтамасыз ететін нақты заңнамалық база құрылды, барлық деңгейлерде үш (екі) жақты комиссиялар құрылды.

Бүгінде әлеуметтік-еңбек қатынастары заңнамалық нормалармен қатар, Бас келісімнің, 22 салалық және 16 аумақтық келісімдердің, 125 мыңнан аса ұжымдық шарттардың нормалары және ережелерімен реттеледі.

Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестіктің ең мүдделі және жүйелі тарабы, келісімдер мен ұжымдық шарттарды бекіту жөніндегі барлық келіссөздердің бастамашысы болып табылады.

​Қазіргі таңда ҚРКФ бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындардың 98 пайызында ұжымдық шарттар бекітілген. Біз кәсіпорындағы кәсіподақ комитетінің барлық қызметінің негізгі нәтижесі бекітілген ұжымдық шарт болып табылады деп есептейміз. Кері жағдайда бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінің негізгі міндетін орындамағандықтан,  жұмысшыда өз құқығының ұжымдық қорғалуына жүгіну мүмкіндігі болмайды.

Бүгінгі таңда кәсіпорындарда келісімдер мен ұжымдық шарттарды бекіту қажеттілігі туралы мәселе ғана емес, олардың сапасы мен кәсіподақтардың келіссөз жүргізу бойынша барлық жұмысының тиімділігі өзекті болып табылады. Өкінішке қарай, нормалардың, соның ішінде Бас келісім нормаларының да ресмилігі мен көмескілігі, түрлі деңгейдегі келісімдер мен ұжымдық шарттар арасында өзара байланыстың болмауы әлі де бар. Біз бұл жағдайды өзгерту қажет екендігіне толыққанды сенімдіміз! Экономикалық өсім кезінде көзге айқын көрінбеген жайт экономиканың төмендеуі, жұмысшылар табысының азаюы кезінде мүлдем болмауы тиіс.

Осы жылғы дағдарыс жағдайында дағдарыс себептері мен көлеміне талдау жүргізілуі, жаңа жұмыс орындарын сақтау және құруға, әлеуметтік-еңбек саласында кепілдерді қамтамасыз етуге, экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға, тұрақты экономикалық өсім бағдарына қайтып оралуға қатысты ұсыныстар әзірленуі  тиіс әлеуметтік әріптестік жүйесінің рөлі айқын артуда.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және жұмысшылардың республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісім – әлеуметтік әріптестіктің барлық  жүйесінің шыңы және республикалық деңгейдегі негіз салушы құжат болып табылады.

Қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясының жұмыс тобы мүше ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, Бас келісім тұжырымдаларының жобасын әзірледі. Тұжырымдама жобасын әзірлеу кезінде ХЕҰ қалыптастырған лайықты еңбек қағидалары негізге алынды. Яғни, тұжырымдама жобасы жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар мәселелер кешенінен тұрады.

Бүгін біз тұжырымдама жобасын қоғамдық талқылауға шығарамыз. Жоба қоғамдық сараптама жасау үшін барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарына және жергілікті кәсіподақтарға жіберілді. Қазір кәсіподақтар мүшелерімен не істеу керектігін талқылау қажет, ал мұны қалай, қандай технологиялар, механизмдер мен құралдар арқылы істеу керектігін әлеуметтік әріптестермен бірге келіссөздерде шешетін боламыз. Біз кәсіподақ басылымы беттерінде, соның ішінде әлеуметтік желілерде келіссөз кампаниясының кезеңдері мен мәселелерін жан-жақты жариялайтын боламыз.

Жаңа Бас келісімнің бекітілуі сөзсіз күрделі экономикалық жағдайда орын алатынын атап өту қажет. Сондықтан да, әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының жобаға «нақты» нормаларды енгізуі өте маңызды.

Кәсіподақтар федерациясының атынан басқа республикалық кәсіподақтар бірлестіктеріндегі әріптестеріме жұмысшылардың еңбек және экономикалық құқықтарының қорғалуын, олардың жалақы деңгейіне қатысты  кепілдерді қамтамасыз етуге бағытталған негізгі ұстанымдарды қорғау үшін бірлесіп, бірыңғай келісілген тәсілдерді әзірлеу туралы ұсыныс жолдаймын.

Еңбек әлеуетін дамыту арқылы экономикамыздың тиімділігін арттыру – қоғам, бизнес, мемлекеттің өзара тығыз байланысы мен олардың өз мүдделерінің тепе-теңдігін іздеуге және табуға деген дайындығын қажет ететін ауқымды кешенді міндет. Жаңа Бас келісім осындай тепе-теңдіктің тірегі, ал барлық тараптардың: жұмыс берушілер, кәсіподақтар, Үкіметтің оны орындауы сенімді әлеуметтік әріптестіктің үлгісі боларына сенімдімін.

P.S. Елімізде әлеуметтік әріптестіктің дамуына қатысты бірнеше мәселелерге тоқталып өтсем.

Бірінші. Бас келісімнің барлық жұмыс берушілерге таралуына қатысты жағдай айқын емес. Біздің ойымызша, бұл құқықтық акт Қазақстан Республикасы Конституциясы сынды әлеуметтік әріптестіктің басқа актілері арасында жоғарғы заңды күшке ие болуы тиіс. Бас келісім мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, барлық жұмыс берушілер бірлестіктеріне, кәсіподақтар және барлық жұмысшылар бірлестіктеріне таралуы тиіс, өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл жағдай байқалмайды.

Жергілікті келісімдердің әрекет ету аясы да осындай ауқымды болуы тиіс. Олар тиісті аумақтарда орналасқан барлық жұмыс берушілерге және осы жұмыс берушілердің қарамағында жұмыс істейтін барлық жұмысшыларға жүруі тиіс.

Екінші. Жуық арада ХЕҰ қазақстандық азаматтардың еңбек құқықтарының әлеуметтік стандарттарын әзірлеуге және әлеуметтік әріптестік жүйесі арқылы қорғауға жәрдемдесетін № 154 «Ұжымдық келіссөздер туралы», № 131 «Минимал жалақыны белгілеу туралы», № 102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың минимал нормалары туралы» конвенцияларды бекіту қажет.

Үшінші. Республикалық, салалық және жергілікті комиссиялардың мәртебесін әлеуметтік заңнамалық акт қабылдау арқылы әрі қарай да арттыру қажет.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының м.а. Сатыбалды Дәулеталин