Ақтөбелік дəрігерлер COVID-19 жұқтырған науқастың жүрегіне сəтті операция жасады

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады. 

Өлім мен өмір белдескен шақта көп ойлануға уақыт болмайды. Тез арада шешім қабылдау- ақ халатты жандардың күн сайынғы жұмысында үйреншікті жағдай десек, қазіргідей қауіпті індет әлемді қаусырып тұрғанда жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да ауыр. Сын сағатта сыр бермей, ажалға араша болу үшін Ақтөбелік дәрігерлер де қорғаныс костюмдерін, көзілдіріктері мен қолғаптарын кие салып, шешуші сәтте кәсібиліктерін көрсете білді.

КВИ мен ауырған 74 жастағы қала тұрғынының  халі ауырлап, оның жүрегінің соғысы нашарлағасын дереу операция жасау туралы шешім қабылданған.

“Науқастың жүрегіне электрод орналастыру үшін бір миллиметрге болса да қателеспеу керек болатын. Инфекциялық ауруханадан оның экг көшірмесі жіберіліп, қашықтықтан  кеңестер беріліп, оны құтқаруға бел будық,  дейді  Ақтөбе облыстық медицина орталығының бас кардиохирургі Берік Қасымов. Оның айтуынша, жүрек соғысының өзгерісі қан қысымы, бүйрек,бауыр,  мидың қызметіне де  əсер еткен.  Кардиореанимация меңгерушісі Асқар Аяғанов,кардиолог Дана Телибекова жəне профессор Бекболат Жолдин науқастың жағдайын жете зерделеп, кеңес құрып, операция жасау туралы шешім қабылдаған.  Емделушіге кардиостимулятор қою медицина орталығының мамандары Булат Хамидулла мен Жамбыл Жайлыбаевқа жүктелді.Мамандар бұл аса жауапты істі абыроймен атқарды.Инфекциялық ауруханаға осы  операцияға қажетті арнайы қондырғылар дереу жеткізілген. Дəрігерлер Булат Хамидолла мен Жамбыл Жайлыбаев бұндай күрделі  жағдайда жасалған  операцияны аса жауаптылықпен алып шықты.Екі күн өткен соң Алма əженің жағдайы жақсара бастаған.

«Ота жасалар алдында есімді білмей, көп жайтты ұқпадым. Дертімнің қатерлі екендігін тек жүрегім қысып,тыныс алуым қиындап,қан қысымым көтерілген сәтте білдім. Енді ғана дəрігер болған жайды түсіндіріп айтқасын ғана  бір ажалдан аман қалғанымды  сездім. Қатерге бастарын тігіп, қауіпті індеттен қаймықпай маған ота жасаған барлық дәрігерлерге алғыс айтамын. Қазір жағдайым жақсы. Ораза кезінде ақ халатты абзал жандардың денсаулығы мықты болсын, елге жасаған еңбегі еселеп қайтсын», деп Алма әже алғысын жаудырды. Ал COVID-19 жұқтырған науқасқа операция жасаған дəрігерлер бүгінде оқшауланып, қала сыртындағы демалыс базасында .Олармен бірге COVID-19 жұқтырған науқастарға тікелей көмек көрсетіп, ем жасаған медицина қызметкерлері де бар. Жүрегін қайта соқтырған дәрігерлерге Алма әженің жүректен шыққан алғысын жеткізіп, «есімің есте сақталған- ақ халатты абзал жан» акциясына осылай үн қостық.

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз