Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен жарияланған “Біз біргеміз!” акциясы аясындағы шаралардан мұнай-газ саласының кәсіподақ ұйымдары да шет қалған жоқ.

“Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің өкілдігі – “Жайықмұнайгаз” МГӨБ кәсіподақ комитеті де (төрағасы-К. Айдарбеков) мекеменің “Нұр отан” партиясы бастауыш ұйымымен бірлесе отырып, ауқымды қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, көзге көрінбейтін тажалмен күресудің қиын кезеңінде жерлестеріне қолдау көрсете білді.

Бұл мақсатқа кәсіподақ бюджеті есебінен қомақты қаржы бөлініп, аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың, Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен азаматтардың, зағип жандардың, көп балалы және басқа да көмекті аса қажет ететін отбасылардың тізімі жасақталды, оларға күнделікті аса қажет болатын азық-түлік түрлерінің жиынтығы таратылды.

Осындай бүкіл әлемді жаулаған, халқымыздың басына түскен қиын күндерде өз жұмысшыларының еңбек құқықтарын қорғаумен қатар аудан тұрғындарының да қамын ойлап, оларды әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында көмек қолын созған кәсіподақ белсенділеріне айтар алғысымыз шексіз. “Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, қайырымдылық деген кағиданы естен шығармай, қасиетті рамазан айында жасап жатқан сауапты істеріңіздің, халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында бұл індетті де жеңіп, алаңсыз өмірімізге, жұмыс орындарымызға қайта оралатынымызға сенеміз.

#БІЗБІРГЕМІЗ
#ҚАЗАҚМҰНАЙГАЗКӘСІПОДАҚ