Адам жанының арашасы

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады.

Бүгін біз акцияға  Алматы қаласынан үн қоса отырып, қиын кезеңде халық денсаулығы үшін алдыңғы шептен табылған аяулы жан жайлы айтпақпыз. 13 жыл бойы өзі  жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша еңбек етіп келе жатқан Салтанат Айбосынова қазіргі таңда И.Жекенов атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жоғары санаттағы дәрігер инфекционист. Өз саласының үздігі, сонымен қоса 5 баланың мейірімді анасы, сүйікті жар.   Салтанаттың өмірлік серігі де  Қалқамандағы №1 провизорлық стационарда дәрігер болып жұмыс істейді.

Салтанат Бейсенбайқызының айтуынша, осы қатерлі індетпен алысқан кездер  өзіне де, әріптестеріне де үлкен жауапкершілік жүктеді.  Таңның атысы, күннің батысы демей, COVID-ке шалдыққан және реанимациядағы науқастарды емдеуде.

«Қалалық әкімдіктің шешімімен бізді “Отырар” қонақ үйіне орналастырды. Қонақүйде бізге 3 мезгіл тамақ және клиникаға дейін көлікпен жеткізу қарастырылған. Клиниканың басшылығы барлық қорғаныс киімдерімен, бетперделер мен респераторлармен  жабдықтады. Үкіметтен  жалақымызды үстемақымен 850 мың теңге алып отырмыз әрі  бізді салық пен зейнетақы жарналарынан босатты” – дейді, Салтанат Бейсенбайқызы.

Сонымен қоса, осы күндері қолдау танытып, әрдайым жағдайымызды сұрап, бахила мен пульсоксиметормен қамтамасыз еткен кәсіподақ қызметкерлеріне де шын жүректен алғысын жеткізді.

– Бұл індет біз үшін үлкен кәсіби сынақ болуымен қатар, қоғамда дәрігерлерге деген құрметті арттырды. Халықтан осындай кезеңде үйде болуларын, гигиеналық тазалықты сақтауларын сұраймын және көпшілік жерде бетперде киіп жүрсе деген тілегім бар,- дейді Салтанат Айбосынова.

Бейбіт күнде қауіпті індеттен қаймықпай күресіп,  өз отбасында емес, науқас жандардың қасынан табылып, адам жанының арашасы болуға берген анттарына берік жандардың есімін көпшілік білсе деген ниеттеміз.

 #елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз