Бейбіт күннің батырлары

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен» алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде «1» мамырдан «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады. 

Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің аман-саулығымызды бақылайтын әрине, ақ халатты абзал жандар. Айтатыны, адам жанының арашасы болатын ең күрделі салада жүргендердің басым бөлігі әйел адамдар. Бұл бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді әлдилеген әйелдер қауымының нәзік бола тұра, мықты екендіктерін көрсетсе керек. Акция аясына Шымкент өңірі үн қоса отырып, осы салада ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген екі кәсіби маман жайлы айтпақпыз. Оның бірі Гүлжанат Наурызова. Гүлжанат Наурызова Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі, І санатты дәрігер. Сын сағатта күшейтілген режимде тынымсыз еңбек етіп келе жатыр.
Бүгінде қаладағы ауруханалар дене қызуы бар және жедел респираторлық симптомдармен жеткізілген науқастарды арнайы жабдықталған фильтрлі кабинеттерде қабылдайды.

– Біздің фильтрлі кабинетке күніне 40-50 науқас жүгінеді. Науқастардан коронавирусқа байланысты анализдер алынып, диагностика жүргізіледі. Мұндағы медперсонал толығымен қорғаныш құралдарымен және киімдермен қамтылған. Біздің мақсат – науқастарға дер кезінде көмек көрсету, індеттің таралуын ауыздықтау,- дейді Гүлжанат Маханбетәліқызы.

Елімізге төтенше жағдай енгізілгелі отбасындағы 3 ұл-қызын көруді сиреткен Г.Маханбетәліқызы сын сағатта науқастарға қол ұшын созуды мерейлі міндет санайды.

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса жүгінетін ақ халатты абзал жандар туралы қаншалықты толғақты ой тербетсең де артық етпейді. Төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлерінің атқарып жатқан істері орасан. Бүгінде өздеріңізбен «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының құрамындағы №5 емхананың қызметкері, медаға Айбек Жандарбек жайында әңгіме өрбітеміз. Айбек Жандарбек Шымкенттегі Қызылсу блок-бекетінде кезекшілікте тұр. Карантин кезінде рұқсат қағазы бар азаматтарды жіті бақылаудан өткізіп, арнайы құрылғылардың көмегімен тексеретін маман қандай да бір ауру белгілері байқалған адамды қауіпсіздік талаптарына сай шұғыл оқшаулап, қажетті шараларды жылдам атқаруға әбден төселіп алған.
– Вирустың таралу жылдамдығын жаңалықтардан көріп отырсыздар. Күн санап елде коронавирус жұқтырған азаматтар саны көбейіп барады. Карантин шектеулеріне атүсті қарайтындар өзінен бөлек, ​ жақындары үшін де қауіпті, – дейді Айбек Қазыбекұлы.

Айбек Жандарбек 2016 жылы еңбек жолын қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан бастаған. Қазіргі таңда алдыңғы шепте індеттің алдын алу бағытында тәулік бойы еңбек етіп жүрген әріптестерінің​ асқан күш-жігері мен жауапкершілігіне риза. Оның айтуынша, өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, қоғам игілігі мен адамзат денсаулығы үшін тынбай еңбектеніп жүрген медицина мамандарына алғыс айтуымыз керек.

– Иә, бәріміз кезінде ант қабылдадық. Бірақ, осындай дерт​ дендеген тұста күндіз-түні тынбай жұмыс істеу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Мол жауапкершілігі үшін еліміздегі барша әріптестеріме айтар алғысым мол, – дейді медицина маманы.

Қиын кезде таңның атысы, күннің батысы демей қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Адамзат денсаулығын басты орынға қойып, қажымай – талмай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың өздерінің денсаулықтары да мықты болсын деп тілейміз.

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз