Еңбек адамына қолдау

2020 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығының өкілдерімен онлайн режимінде бейнекеңес өткізілді.

Кеңесте Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығының төрағасы Т.Қ. Есентаев Нұр-Сұлтан қаласындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, еңбекшілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған “Салауатты жұмыс орындары” бағдарламасының жобасын ұсынды.

Нұр-Сұлтан қаласында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, еңбекшілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету бойынша 2020-2022 жылдарға арналған “Салауатты жұмыс орындары” бағдарламасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары негізінде жасалды және өндірістік жарақаттану, кәсіби аурулар, өндірістегі өлім-жітіммен аяқталатын жазатайым оқиғалар деңгейін төмендетуге және еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.

Осы жобаны енгізу үшін Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығы Қазақстан Республикасының “дене шынықтыру және спорт туралы” Заңына кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер басшыларының жұмысшыларды және олардың отбасыларын сауықтыру жөніндегі іс-шараларды міндетті түрде қаржыландыруы бойынша өзгерістер мен толықтыруларға ұсыныс берді.

ДДСҰ өкілі Лаура Өтемісова мен ҚР ДДСҰ өкілі Бибігүл Әубәкірова осы жобаны бірлесіп іске асыру, сондай-ақ Қазақстан еңбекшілерін сауықтыру мәселелері бойынша бірлескен өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қою жөнінде ұсыныстар айтты. Тараптар осы жоба бойынша одан әрі бірлескен жұмыс пен кеңес беру туралы уағдаласты.