Ел алғысын арқалаған жан

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады. 

Тарихта орын алған алуан оқиғаның өз батырлары бар. Жаңа ғасыр батырлары өркениет, ғылым мен техника иесі болса, бүгінгі күннің батырлары ақ халатты абзал жандар дер едік. Дүние жүзін дүр сілкіндірген «Қара-Вирус» кеселіне шалдыққан науқастар саны бүгінгі күні әлем бойынша 3 578 798 адамға жетті. Ал Қазақстандықтар саны 4 мыңға таяды. Күн сайын еселеніп, етекке жабысқан індеттің жалғыз жауы – қарсы күресті бір сәтке де тоқтатпаған, табанды дәрігерлер.

Елімізде жарияланған төтенше жағдайдың екінші айы да аяқталуға таяды. Осы уақыт аралығында 1084 науқас індеттен толық айығып шықты. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 31 адам коровирустан жазылып, үйіне оралды. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде елге еңбегін арнап, бейнетті белден кешіп жүрген жандарымыз көп-ақ. Соның бірі – Сәткеш Зинұр. Зинұр Жүсіпұлы 1990 жылы Батыс Қазақстан облысында туған, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін тәмамдап, бүгінгі күні Орал қалалық  көпсалалы ауруханасының хирургы болып қызмет атқарады. Сәткеш Зинұр елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері өз жауапкершілігін еселей отырып, өз еркімен жұмыста қалған қызметкер. Пандемиямен күресте аянбай еңбек етіп жүрген жас маман. Тұрғындардың да ыстық ықыласына бөленді. Бұл жолы тіпті ерекше қолдау көріп, қала халқының алғысына бөленді. Еліміздегі ірі мұнай компанияларының бірі болып табылатын «Тенгиз Шевройл» кәсіпорнында Батыс Қазақстан облысының 2370 тұрғыны жұмыс жасауда. Сәуірдің «24» күні солардың 279 үйлеріне оралды. Келген жұмысшыларды тік тұрып тексеріп, COVID19 жұқтыру қауіпінің болжануына байланысты санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өзінің қасындағыларға басшылық ете отырып вахтадан келген жұмысшылардың барлығын Орал қаласындағы нөмері 2-училищеге орналастырған Зинұр Жүсіпұлы толық анализдік-тексеріс жұмыстарын бірден бастап кетті. Ол өз сөзінде:

  • Бірнеше тосқауыл бекеттеріндегі тексерістерден өтіп келген жұмысшыларды қабылдау бастапқыда сәл қиындау болды. Бірнеше ай түзде жұмыс жасап, жақындарын, отбасын, жора-жолдастарын сағынып келген азаматтардың бірнеше күн бойы медициналық тексерістер үшін оқшаулауда қалғысы келмей, тәртіп пен талапқа бағынуға келіспегендер болды. Мұны писхологиялық соққы деп, түсіністікпен қарауға тырыстым, себебі менің сол сәттегі басты міндетім – пациенттерге медициналық қызмет көрсетуден бұрын олармен психологиялық тұрғыда түсінісу, олар кешіп тұрған күйді ұғынып, жарасын жазу еді.

Бүгінде Орал қалалық №2 училищеде санитарлық қадағалау және медициналық тексеріс жұмыстары жалғасуда. Сол кезде вахтадан келген тұрғындарының көпшілігі үйлеріне оралды. «Осы уақытқа дейін басы-қасымызда болып, қажетті медициналық көмек көрсетіп, білікті маман ретінде қолдау білдіріп, науқастармен  сауатты дипломатиялық диалогтар жүргізе білген жас маман Зинұр Сәткешге және оның тобына үлкен алғысымызды жеткіземіз» – деп, ризашылықтарын жеткізді қала тұрғындары.

Қысылтаяң кездің көшінде жүріп, көмегін аямаған ақ халатты абзал жандарға айтылар алғыс, көрсетілер құрмет мұнымен таусылмайды, тоқтамайды. Өз борышын өз өмірінен артық көретін медицина мамандары- БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ.

 

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз

 

Батыс Қазақстан облысы «Кәсіподақтар Орталығы» АКБ