Мамандығын мақтан тұтқан

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен» алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады.

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Әлемді теңселтіп, талайдың өмірін жалмаған қатерлі коронавируспен күрес дәрігерлерге асқын салмақ ауыртпалығын салуда. Антына адал, сертіне берік дәрігерлер бүгінгі күнгі індетпен айқастың қаһарман майдангерлері. Мамандығын мақтан тұтқан дәрігерлердің бірі – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданаралық ауруханасының инфекционист дәрігері Әсел Сейілова.

«Бала күнімнен дәрігер болуды армандайтын едім, сол арманым орындалып, денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып келе жатқаныма биыл 12 жыл толды. Біздің міндетіміз – науқастарды дертінен тезірек айықтыру, оларды аман-есен отбасыларына қайтару. Қазіргідей қауіп-қатерге толы жағдаймен өз еңбек өтілімде бірінші рет ұшырасып отырмын. Отбасымыздан жырақта жүрміз, бірақ бұған еш қынжылмаймын, бастысы – қауіпті індеттің таралуына жол бермеуіміз, науқастардың аман-есен сауығып кетуі. Індетке шалдыққан науқастардың ең соңғысы сауығып үйіне қайтқанынша жұмыста боламын. Біз бәрін де жеңеміз, елдің сенімін ақтаймыз! Халық денсаулығын жақсарту жолындағы таңдаған мамандығымды әрдайым мақтан етемін » дейді Әсел Есдәулетқызы.

Қызылорда облысында коронавирус індеті алғаш тіркелген күндері Жаңақорған ауданында індет жұқтырғандар саны күрт көбейген болатын. Бүгінде аймақта тіркелген індетке шалдыққан 222 адамның 31–і Жаңақорған ауданында, дегенмен мамандығын сүйген, кәсіби білікті дәрігерлердің қажырлы еңбектері нәтижесінде науқастардың 28-і жазылып шықты.

Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын жаумен сұрапыл айқастың алғы шебіндегі ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамыз!

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз