Тыл еңбеккерлеріне құрмет

Ақтөбеде бастауыш кəсіподақ ұйымдары тылда еңбек еткен ардагерлерді құттықтады.
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің бастауыш кəсіподақ ұйымы Ұлы Отан соғысы жылдары жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқан ардагер ұстаздарға ерекше құрмет көрсетті. Атап айтсақ, жастайынан еңбек етіп, соғыстың бар ауыртпалығын үлкендермен бірге бөлісіп, еліміздің жарқын болашағы жолында ұстаздық еткен бір топ ардагер Н.Беріков, Қ.Қауанова, Л.Суханова, С.Пак, В.Сидоренко, З.Браловаға кəсіподақ мүшелері алғыс айтып, мерекелік азық-түлік себеттері мен сыйлықтар табыс етті. Зоя Əбілғазықызы бұл күні Ресей Федерациясы Президентінің «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерейтойлық медалімен марпатталған болатын. Ол қуанышымен бөлісе отырып, жастарға ақ батасын берді. «Бейбіт күннің қадірін біліңдер, біз балалық, жастық шағымыз сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа тұс келген аға ұрпақ қандай қиындық болса да мойымай, жігерленіп, білім алып, еңбек етуге талпындық. Ел үшін еңбек етсең, əркез мерейлеріңіз үстем болары сөзсіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп тыл ардагері Зоя Бралова ризашылығын білдірді.