Басты құндылық – адам денсаулығы

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады.

Өзінің денсаулығын ойламай, өзгенің өмірі үшін күресетін дәрігерлердің арасында коронавирусты жұқтырып алғандар да бар. Үстеріндегі қорғаныш құралдарына қарамастан, инфекция жұқтырып алу қауіпті болуы мүмкін. Біз қазіргі қиын кезеңде індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген Ақтау қаласының провизорлық госпиталінің дәрігері Бисен Айдос  жайлы көпшілікке  таныстырмақпыз.  Ол коронавирустық инфекциямен күресте таңның атысы,күннің батысы демей,уақытпен санаспай еңбек етіп жүр.

Бисен Айдос Жалғасбайұлы – 1991 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылында туған. Тағдырдың қалауымен 2009 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне мемлекеттік грант иегері болып түсіп, 2016 жылы оқуын бітірді. Дәрігерлік жолды таңдауға санитар эпидемиолог мамандығы бойынша оқып, еңбек етіп жүрген ,өзі үлгі тұтатын  жалғыз апасы себепші болды.Ақтау қаласына 2018 жылдың маусым айында келді.

4 курс оқып жүргенде Ақтөбе қаласында «ДАРУ» клиникасында, неврология бөлімінде медбрат болып жұмыс атқарды. Оқуын бітірген соң БҚО-ның Сырым ауданында жалпы тәжірибелік дәрігері болып еңбек еткен. 2017 жылы БҚО Чапаев ауылында ЖТД дәрігері болды. 2018 жылы Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық ауруханасына ЖТД-дәрігері жұмысына кiрiстi.

Жолдасы Маңғыстау облысы, Шетпе кентінің тумасы. Неонатолог дәрігер. Шетпе ауылының әкімдігі бөлген грантпен оқыды. Сол себепті Маңғыстау облысына жұмыс бабымен келген.

«Бар тілегім адамдар карантин режимін сақтап, үйлерінде отырсын. Сонда ғана мына жаман аурудың саны да азаяр еді. Қазіргі таңда осы аурумен күресіп жатқан жандар, ет пен сүйектен жаратылған. Олар да аман-есен үйлеріне ,бала-шағасына,отбасына оралғанды қалайды»,-дейді Айдос.

Басты құндылық- адам денсаулығы деп санайтын дәрігерлердің осы қиын кезде  жасап жатқан жұмыстары қандай құрметке болсын лайық.

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз