Денсаулық – өмір негізі

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады.

Дәрігерлік мамандық жауапкершілікті, біліктілікті​ талап етеді.​ Себебі, оның қолында адам өмірі, болашақ тағдыры тұр. Бүгінгідей қиын кезеңде адам жанының арашасы болып, қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры, ​ медицина ғылымдарының докторы Жұмабек Елтекұлы Бекеновпен аз-кем пікір алыстық.
– Карантин біздің елімізге, жалпы дүниежүзінің өмір сүру салтына көп өзгерістер әкелді. Оның басты ерекшелігі сол, мына күнделікті​ тірлікте көрінген жаумен күрескен қазақ, көрінбеген жауға қаншалықты дайын еместігін көрсетті.​ Карантиндік ауру түрлерімен күрес біз үшін таңсық емес. Бұған дейін еліміздің батыс өңірлерінде обаның​ табиғи ошақтары табылып, талай оқшаулау шаралары болған. Дегенмен, бұл коронавирус індетімен күресте еліміздегі бірқатар мәселелерді қолға алу қажеттілігі туындап отыр. Себебі, соңғы он бес жылдан бері осы жұқпалы аурулармен күрестегі мамандардың дайындалмағаны, олардың дайындығын теориялық және практикалық жағынан тексеретін санитарлық​ мекемелердің іс-шараларының шектелуі бүгінгі күні кедергілер туғызып отырғаны анық.​ Алдағы уақытта, осындай індеттермен күресте медицинаның алғы шебінде жүретін​ және бірінші патогендік​ группадағы санитарлық​ дәрігерлер, вирусологтарды дайындап, олардың осы жұмыстарды​ ұйымдастырудағы еңбектерін және​ тәжірибелерін​ пайдалануымыз керек. Біз мұны мемлекеттің қолдауымен​ дұрыс ұйымдастырып, уақытында жолға қойып, халықтың көп​ зардап шекпеуіне жол бермеуіміз керек, -дейді өз ісінің маманы Жұмабек Елтекұлы.
Бекенов Жұмабек Ақтөбе облысы, Ырғыз селосында дүниеге келіп, ұлы ағартаушы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде білім алған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық факультетінде оқып, 1986 жылы туған елі Ырғыз аудандық санэпидстанциясында бас дәрігерліктен қызметін бастады. ​ 1995-96 жылдары Ақтөбе облыстық санэпидстанцияның аса жұқпалы аурулар жөніндегі дәрігер-эпидимолог, 1997-2018 ж аяғына дейін Ақтөбе облыстық​ обаға қарсы​ станциясының бас дәрігері қызметтерін атқарған.
« Осы дәрігерлік мамандықты таңдауыма әрине отбасылық дәстүр әсер етті. Отбасында 5 бала тәрбиелендік. Әке-шешеміз ерте қайтқандықтан үлкен ағамыз Ақтөбе облысына белгілі​ хирург​ Елтекұлы Орынбасар өзінен кейінгі іні-қарындастарының бәрін медицина саласына бейімдеді. Жұбайым Бекенова Махаббат – ол да санитарлық дәрігер. Басты парызымыз – ұлт денсаулығын нығайту»,- дейді ​ Жұмабек Елтекұлы.  Адам жанының арашасы болып, денсаулықты – өмір негізі деп санайтын ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз.

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз