КРКФ төрағасы мен Еңбек министрі әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылады

2020 жылы 8 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталин әлеуметтік серіктес – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовпен кездесті.

Федерация төрағасы министрге Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы жаңа Бас келісім тұжырымдамасы жобасын әзірлеуде кәсіподақтардың жұмысы туралы айтып берді. Тараптар жаңа Бас келісім жобасын қарау бойынша бірлескен жұмыстарды үстіміздегі жылдың маусым айында бастауға келісті.

Кездесуде әлеуметтік әріптестік  және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның жұмысын жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру, еңбек қауіпсіздігі мен қорғауды қамтамасыз ету, еңбек заңнамасын сақтау және т.б. мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбекақы, соның ішінде ең төменгі жалақыны көтеру, жалақыны индекстеу, күнкөріс минимумы мен рационалды тұтыну бюджетін жетілдіру мәселелері бойынша да пікір алмасылды.

ҚРКФ Төрағасы сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ) Қазақстан Республикасының өз міндеттемелерін орындауы бойынша тығыз ынтымақтастықтың қажеттілігін атап айтқанда, ратификацияланған конвенциялардың орындалуы және біздің еліміз туралы ХЕҰ-ға уақтылы және сауатты ақпарат беруді сөз етті .

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов талқыланған мәселелердің өзектілігін және әлеуметтік-еңбек саласындағы проблемалық мәселелерді шешуде әлеуметтік диалогты дамыту қажеттілігін атап өтті.

Тараптар әлеуметтік және еңбек саласының өзекті мәселелерін қарау үшін тұрақты негізде екіжақты кездесулер өткізіп тұруға келісті.

 ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі