ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин солтүстік қазақстандық ардагерді құттықтады

Ұлы Отан соғысындағы  жеңістің 75 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтары  соғыс ардагерлері  мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, қанды қырғында опат болғандарды еске алды.

СҚО кәсіподақтары орталығының төрағасы Е.Нұрақаев және Солтүстік Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Б.Аюпов Ұлы Отан соғысының ардагері Қожатай Некибаевтың үйіне барды.

Кәсіподақ өкілдері ардагерге естелік сыйлық тарту етіп және ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан құттықтап, алғысын жеткізді.

Қожатай Некибаев  1925 жылғы желтоқсанның он екісінде Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Тауағаш ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың қаңтарында  Кожатай Сейтахметұлы   17 жасында әскер қатарына шақырылды. Бір жылдан кейін ол майданға кетіп, бүкіл  Еуропаны шайқаспен жүріп өтті.  Екінші Украина майданында болып, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және « Германияны жеңгені үшін», Маршал Г.Жуков және басқа да мерейтойлық марапаттармен, сонымен қатар, Бас қолбасшы, Совет Одағының маршалы Сталин жолдастың Алғысына ие болған.  Қожатай Сейтахметұлы Украинаны,Венгрияны,Чехословакияны, Австрияны неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты.

Ол Жеңісті Австрияның астанасы Венада қарсы алды. Одан бері 75 жыл уақыт өтсе де, сол күннің естеліктері ардагердің жадында жаттаулы. Сол күндерді  еске алғанда ол майданда шейіт болған боздақтар ойына оралып, елге аман келген  қаруластарына деген  ықыласпен  қатар жүрегіне ауыр мұң орнайды.
Соғыс біткесін Қожатай Сейтахметұлы үш жыл танкист болды. 1948 жылы елге оралғасын  жас жігіт мұғалім болуға бекініп, педагогика училищесін аяқтады. 1953 жылдан бастап, ол 32 жыл бойына СҚО Жамбыл ауданы Орталық ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып әрі мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымын ұзақ жылдар бойы басқарды. Қожатай Некибаев білім беру ісінің ардагері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Оның жолын ұрпақтары жалғады. Отбасының жалпы педагогикалық өтілі 200 жылдан асады.
Майдангер атамыздың бүгінде жасы 95 те,он баласы,25 немересі,15 шөбересі бар.

Некибаевтар әулеті бала күнінен бастап,  адалдық пен еңбексүйгіштікті  берік ұстанып,бұл қасиет ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Майдангер өз балалары  өткен күннің ауыртпалығын ескеріп, жеңістің оңайлықпен келмегенін біліп жүрсе дейді.

«Өткенге үңілмей, болашақ  мақсатың мен бүгінгі күннің қадіріне жете алмайсың»  деген Максим Горькийдің сөзін әрдайым айта жүреді. Қожатай Сейтахметұлы кәсіподақтарға қамқорлығы мен құрметі үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Біз  Ұлы Отан соғысында бейбітшілік үшін қан төгіп,от кешіп  осындай  берекелі  тұрмысқа  қол жеткіздірген қаһармандарды әрқашан құрметпен еске алуға тиістіміз.
*#ҚРКФ*