Ұрпаққа бейбіт күн сыйлаған…

Ұрпаққа бейбіт күн сыйлаған, тыныш өмір тарту еткен қарт майдангерлер қатары жылдан жылға сиреп барады. Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына аман-есен жеткен 16 қарт майдангердің бірі – Әбдірахман Байтіков.

Бүгін, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі атынан​ «Келешек» жастар кеңесінің белсенділері қарт ардагерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. ​ Қан майданнан туған елге оралып, соғыстан кейінгі жылдары қалтқысыз қызмет жасаған қарт ардагер бүгінде ұрпақтары ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ Әбдірахман Байтіков​ 1924 жылы дүниеге келген. Қиын-қыстау заманда ол жеті жылдық мектепті бітірген. Мектеп бітірісімен 1942 жылдың тамыз айында 18 жасар бозбала күйінде ол әскер қатарына алынады. Жас сарбаз Өзбекстан арқылы Түрікменстанның Ашғабат қаласына аттанып, онда қару-жарақты бұзып, қайта құруды үйренеді. 1943 жылдың мамыр айында 75-ші гвардиялық дивизияға қабылданып, майдан даласына аттанады.

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ Бүгінде тоқсанның алтауына шыққан қарт майдангер соғысты тебірене есіне алып, әңгімеледі.

« 1943 жылдың шілдесінде біздің дивизияға неміс басқыншылары шабуыл жасады. Соғыс кезінде қорқу дегенді білмедік, мақсат- тек жеңіске жету еді. Елге аман-есен оралып, туған-туыспен қауышуды ойлап,тілек тілейтінбіз. Мен сол шайқаста қолымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Қолыма ота жасады, шамалы жазылып, госпитальдан шығып, майданға қайта қосылдым» – деді қарт ардагер.

Қызылордалық жас сарбаз Әбдірахман Байтіков​ Новосібірде, Курск майданында ерлікпен жаумен шайқасады. Соғыс салған ауыр жарақаттан ол 1944 жылы басында елге оралады. Туған жерде қайнаған еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етеді.

Мерекелік құттықтаумен барған кәсіподақтар жастарымен әңгімесінде қарт ардагер өз еңбек жолындағы елдегі кәсіподақтар жұмысы, Қызылордалық кәсіподақтар кеңесі туралы да сөз қозғады, замандастарын есіне алды.

«Қан майдан естен кетпейді, уақыт жылжып, қанша жылдар өтті. Жеңіске биыл 75 жыл толып жатыр. Ендігі жерде ұрпақтарымыз соғыс көрмесін, тәуелсіз елде баянды,бақытты өмір сүріңдер» деп қарт майдангер жастарға тілеулестігін білдірді.