Бүгінгінің батыры – фельдшер Нұрдәулет

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде  бірінші мамырдан «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады. 

Биылғы ақпанда Шымкент қалалық №11 емханаға 4-санатты фельдшер болып қабылданған Нұрдәулет Тұрғанбек бүгінде Шымкент қаласының сыртында орналасқан Еңбекші блок-бекетінде індеттің алдын алу бағытында тынымсыз жұмыс істеп жүрген медицина мамандарының бірі. Ел аумағында 16 наурыздан төтенше жағдай режимінің енгізілуі Нұрдәулеттің жұмысына деген жауапкершілігін екі есе арттырды.

21 жасар жас маман әлемді жайлаған мына вирусты ауыздықтаудың жалғыз жолы оқшаулану болғандықтан тұрғындардан үйлерінде болуын сұрайды.

– Азаматтар аса қажеттілік болмаса, сыртқа шығуын уақытша доғарса, індетті ертерек ауыздықтаймыз. Осы шақта тұрғындардың үйлерінде отырғаны жөн. Біздің басты мақсат – бекеттер арқылы қалаға кіріп-шығатын көліктердегі азаматтарды санитарлық нормаларға сай арнайы құрылғылар көмегімен тексеру. Вирус белгілері айқындалса, қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, науқасқа шұғыл түрде көмек көрсету сынды міндеттер кіреді, – дейді фельдшер.

Сырт көзге оңай болғанымен салмағы ауыр жауапкершілік арқалаған әскерилер мен медицина мамандары бекітілген бекеттерде ауысым бойынша жауын-шашынға қарамай жұмыс істейді. Міндет – қалаға кіріп-шығатын әрбір көлікті азаматты мұқият тексеру және қауіпсіздік талаптарын ескерту.

Денсаулығы мен өмірін қатерге тігіп, жұмыс істеп жүрген барша азаматтарға алғыс айтқан айтқан жас маман:

– Медицинасы дамыған елдердің өзі «COVID 19»-ды ауыздықтай алмай отыр. Вирус жұқтырмаудың, ауырмаудың, ару таратпаудың жалғыз жолы бар. Ол – карантин талаптарын ескеріп, қоғамнан уақытша оқшаулану. Сондықтан ел билігі белгілеген қатаң тәртіпке көндігіп, вирус таратпаудың жауапкершілігін сезіне білгеніміз дұрыс, – дейді Н.Нұрланұлы.

Қиындықтар артта қалып, өмір өз арнасына түскен кезде қауіпті індетпен күресте алғы шепте болған Нұрдәулеттей жандардың есімін ілтипатпен атап, барша дәрігер қауымға ризашылығын білдіретіні сөзсіз.

*#ЕлҮмітінАқтаған* *#АқХалаттыАбзалЖан* *#ҚРКФ* *#BizBirgemiz*