Ақтөбелік дәрігер отбасымен қауіпті індетті ауыздықтауға атсалысуда

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен» алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде бірінші мамырдан «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады. Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» емханасының дәрігері Шолпан Боранбаева бүгінде COVID-19 күрес шараларында уақытпен санаспай еңбек етуде. Оның жолдасы полицейлік блок постта кезекшілік атқаруда. Отбасында үш баласы бар, олар ата-аналарын көрмейді десе де болады. Шолпан таңның атысынан кештің батысына дейін фильтрде қызмет етеді. Емханада жабдықталған, кірер есігі де бөлек фильтрге індеттің белгілері бар, қызуы жоғары адамдарды ғана жібереді. Дәрігер де, медбике де бәрі қорғаныс костюмдерімен қамтылған.Бұл жерде науқастарды қарап,сараптамаға сынама алып, арнайы жабдықтармен вирусологиялық зертханаға жіберіледі.

«Мен жалпы тәжірибе дәрігерімін. Учаскемде 1600 ден астам тұрғын бар. 6 жасар баладан бастап үлкен қарияларға дейін барлығының денсаулығына жауаптымыз.Біздің аумақта қауіпті індет жұқтырған адам болды. Ата-анасы карантинде, нәтижелері теріс,денсаулықтары жақсы.Ол науқас COVID-19-ден айығып шықты. Дегенмен, дәрігерлер бақылауда.Балаларымыз үлкені 6-шы класта оқиды. Кішісі 5-те. Үлкендері кішілеріне қамқор болып,үйде отыр.Жолдасым Сералы Нұрғалиев арнайы жасақтың сарбазы,тәртіп сақшысы. Блок постта қызметін атқаруда. Отбасы мүшелерімен тек ұялы телефонмен сөйлесіп тұрамыз.Емханадағы фильтр таңнан кешке дейін жұмыс істейді ,- дейді дәрігерШолпан Боранбаева.

Шолпан Боранбаева сынды өз мамандықтарына адал берілген, қиын кезде уақытпен санаспай, міндеттерін абыроймен атқарып жүрген медицина қызметкерлерінің табандылығы мен жауапкершілігін ерекше атап өтуге болады. Ақтөбеде қазірде індетке қарсы күрестің алғы шебінде 300-ден астам медицина қызметкері еңбек етуде. Отбасымен бірге әлемге тараған осы індетті ауыздықтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігер Шолпан Боранбаеваға айтар алғысымыз шексіз. . *#ЕлҮмітінАқтаған* *#АқХалаттыАбзалЖан* *#ҚРКФ* *#BizBirgemiz*