Ел алғысын арқалаған жан

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған-ақ халатты абзал жан» атты акциясы жалғасуда. Бүгін батысқазақстандық дәрігер жайлы материалды ұсынамыз.

«Ауру – айтып келмейді» демекші, әлемдік пандемияға айналған COVID19 індетінің беті қайтар емес…Бүгінде елімізде бұл індетті жұқтырғандар саны 5571 адамға жетсе, Батыс Қазақстан облысы бойынша 272 науқас тіркелді. Аурудың ішіндегі ең қауіптісі – індет. Себебі бұл аурумен бір емес, бірнеше адам қатар ауырады. Оның қауіптілігі – оның жылдам жұқтырғыш қасиетке ие екендігінде. Қазақ өз тарихында бірнеше аурудың түрін де көріп, емін де тапқан. Дегенмен, жұт пен індет қай халықты болмасын алаңдатары анық. Аталмыш вируспен қазіргі таңда, бір адам емес, бүтін бір ұлт күресіп жатыр, әлем күресіп жатыр, барлығының осы орайдағы мақсаты бір. Күресушілер көп, дегенмен алдыңғы шепте күш салып, жан аямай жүргендердің еңбегіне айтылар алғысымыз таусылмақ емес. Ол жандар – нағыз Қаһармандар. Олар – ақ халатты абзал жандар. Сол жандардың бірі – Қайрат Төлегенов.

  • «Ел үшін етіксіз су кешкен ерлер» деген ұстанымым сөз жүзінде көкейімде болғанымен, іс жүзінде көрініс таппаған екен. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, облыста індет жұқтырған науқастар анықтала бастаған кезде жұқпалы аурулар ауруханасына өз еркіммен сұранып, ер ретінде, маман ретінде ел үшін етіксіз су кешетін сәттің жеткенін білдім,  – деп өз сөзін бастады Қайрат Мұратұлы.

Қайрат Төлегенов 1992 жылдың 1 маусым күні  Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының Алмалы ауылында дүниеге келген.  Жалпы білім беретін орта мектепті үздік аяқтап, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің грант иегері атанады. Жоғары оқу орнын аяқтай сала, 2015 жылдың 24 шілдесінен бастап Орал қаласының №1 қалалық емханасына ең жас дәрігер эпидемиолог болып  алғашқы еңбек жолын бастайды. 2020 жылдың 12 сәуірінен бастап жұқпалы аурулар ауруханасына барып, сонда 1 ай уақытын өткізеді. Қазіргі таңда өзі үйінде карантиндік режимде отыр. Қайрат алғаш жұқпалы аурулар ауруханасына келгенде бойында кішкене үрейдің болғандығын жасырмады. Ол туралы өзінің сөзінде:

  • Мен аурухананың 1 және 2 қабатында орналасқан науқастарға жауап бердім. Алғаш науқастар паласына кіргенде кішкене үрей болды. Бірақ 2- 3 сағатта бойымды түзеп, есімді жинап алдым. Сол кезде ауруханаға түскен науқастардың 80-85 % ешқашан аурухана көрмеген ер адамдар болды. Науқастардың көбі аурудың елімізге жеткендігі туралы ақпараттармен таныс болмағанын байқадым. Біразы шу көтеріп, ауруханаға жатудан бас тартты. Күш көрсетіп, ем қабылдаудан да бас тартқан науқастар болды. Сондай науқастармен  жұмыс істеу бірнеше күрделі  кезеңдерді қамтыды. Бірінші індеттің не екендігін түсіндіріп, әлемдегі ахуалын жеткіздік, қаупін айтып, ем қабылдауға шақырдық. Оған да түсінбей, үйіне кеткісі келген науқастар қыр көрсетіп сараптамалық нәтиже қағаздарын сұраттырды. Қағаздарын да әкеліп, сараптама нәтижелерінде көрсетіп барымызша ем қабылдауға көндірдік. Бұл үлкен моральдық күш пен психологиялық біліктілікті талап етті. Дегенмен бағымызға орай, науқастардың жағдайы бірқалыпты болды. Көбі өздерін жақсы сезініп, қатты ауруды бастарынан өткермеді. Тек ғана 1-2 науқас жансақтау бөліміне түсті. Арада бірнеше күндер өткеннен соң, бұл күндерге де үйрендік, дегенмен жағдай тұрақты емес еді…  Күн сайын инфекция жұқтырып келіп жатқан науқастарды көріп біраз уайымдадым, бірақ алғашқы болып емделіп шыққан науқасты көргенде бойыма үлкен үміт пен күш ұялағандай болды. Өзімнің әрі қарайғы әрекетімнің нәтижесін көре отыра, өзімнің мамандығыма деген құрметім тағы да артты, – дейді дәрігер.

Қайрат Мұратұлы бүгінгі таңда 1 ұлдың асқар тау әкесі, бір елдің асықтай азаматы, өз мамандығының жан кештісі, ұлтының жанашыры. Осындай ел басына түскен қиын күнде азаматтық борышының жетегіне еріп, ерікті түрде ел үшін еңбек еткен ерге халқының айтар алғысы да шексіз.

*#ЕлҮмітінАқтаған* *#АқХалаттыАбзалЖан* *#ҚРКФ* *#BizBirgemiz*