Премьер-Министрдің орынбасары Тоғжановтың Атырауға жұмыс сапары:  басымдықта – эпидемиологиялық жағдай мен өңірдегі жұмыссыздықты болдырмау 

Бейсенбі, 14 мамырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация жұмыс сапарымен Атырау облысына келді.

Премьер-Министрдің орынбасарына  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин еріп жүр.


Атырауда Ералы Тоғжанов аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты кеңес өткізді, «Теңізшевройл» компаниясы жұмысшыларын демобилизациялаудың аяқталуы, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруды талқылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде   коронавирустық ахуалдың қазіргі деңгейі 2-3 пайыз екенін атап өтті.

Бұл көрсеткіш  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған нақты шаралардың нәтижесі.   Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің сөзінше, аймақтағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақты емес. Қазіргі кезде өңірде COVID-19 инфекциясын жұқтырған 458 жағдай тіркелген.

Олардың 127-сі емделіп шықты. Ал «Теңіз» кенішінің 384 жұмысшысынан аталған вирус анықталған. Бұл азаматтар 20 жатақханада тұратын 33 мекеменің қызметкерлері.  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, Теңіз кенішінде карантиндік талаптар жеткілікті деңгейде сақталмай отыр.

Сондықтан ол «Теңізшевройл» компаниясының мердігер және суб мердігер компаниялары басшыларының жауапкершілігін арттыруға шақырды.  Қазіргі кезде «Теңіз» кенішінен 17 мың адам өздерінің тұрғылықты мекенжайларына жеткізілген.   Жиын барысында “Жұмыспен қамту жол картасы – 2020” бағдарламасын өңірде жүзеге асыру барысы да қаралды. Үкімет биыл 1 миллион 220 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Атырау облысында бұл бағдарлама шеңберінде 63 жоба жүзеге асырылып 7 мың жұмыс орны ашылады.

Оған республикалық бюджеттен 35 млрд. 308 млн. теңге бөлініп отыр.   Жиынды қорытындылаған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстауға және “Жұмыспен қамту жол картасы – 2020” бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мен жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.