Жүрек қалауымен таңдаған мамандық

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған-ақ халатты абзал жан» атты акциясы жалғасуда. Бүгін акция материалдары қатарын Маңғыстаулық Нұрболат Сүлейменов жайлы бір үзік сырмен толықтырамыз.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, Үкімет пен қоғам алдында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу міндеті тұр. Басты мақсат бұл халықты қорғау. Осы ауыр күндері қауіпті вирустармен күресте алдыңғы қатарда жүрген барлық қызметтер жұмылдырылған. Бұл ең алдымен ауруханалардың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері. Барлық күш коронавирустық инфекциямен күреске жұмсалуда. Маңғыстау облысы бойынша жұқпалы аурулар стационарлары, провизорлық және карантиндік госпитальдар ашылды. Дәрігер міндетті түрде өз ісіне адал, кәсіптің  маңыздылығын түсінетін, қиындықтардан қорықпайтын және өмірін өзі сүйген кәсіпке арнаған жан. Сондай адамның бірі -Сүлейменов Нұрболат Дәрібекұлы 1992 жылы мамырдың 15 жұлдызында  Маңғыстау облысы  Бейнеу ауданында дүниеге келген. 2009-2016 жылдар аралығында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік медицина университетінің хирургия мамандығы бойынша білім алып шықты. Дәрігерлік жолын таңдауға мектебіндегі ұстаздары себепші болды. ҰБТ-дан жоғары балл жинаған соң Ақтөбе қаласына оқу орынына түсті. Оқып жүрген кезде Ақтөбе қалалық шұғыл медициналық көмек станциясында 2,5 жыл санитар болып жұмыс істеді. 2016 жылғы маусым айында, Ақтөбеде дабылдың қызыл деңгейі жарияланған болатын. Сот-медициналық сараптама қызметі барлық арнайы бөлімшелер, төтенше режимде жұмыс істеді. Сол кезде өліммен арпаласып, халыққа қол ұшын тигізген Нұрболат Дәрібекұлының  медицинаға қызығушылығы арта түсіп, көзқарасы өзгеріп, мол тәжірибе жинады. Жедел жәрдемде қызмет атқарып жүріп,алдына «Хирург боламын!» деген мақсат қойды. Осылайша хирургия мамандығын тәмамдап, 2016 жылдың тамыз айынан бері Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының “Бейнеу орталық аудандық ауруханасы” ШЖҚ МКК 4 жылдан бері ІІ категориялы дәрігер-хирург маманы болып жұмыс атқаруда. Пандемия кезеңіне байланысты, өз қалауымен науқастарға жоғарғы дәрежеде медициналық көмек көрсетемін деген шешімге келді. Қазір провизорлық стационарда бөлім меңгеруші міндетін атқарып жүр. Отбасымен  1 сәуірден кейін жүздесуге мүмкіндік болмай, бүгінге дейін бала-шағасымен тек бейнебайланыс арқылы көрісіп тұрады. Төтенше жағдай кезінде көптеген қиындықтар болды. Бірақ ұжымының арқасында барлығы оң  шешілуде.

«Қазіргі карантин саясат деп жаңсақ пікір айтатындар да табылады. Негізі олай емес. Карантин індеттің таралмауының бірден-бір жолы. Сіздерге айтарым, карантин режимін сақтаңыздар! Бұл тек медицина қызметкерлері үшін емес, барлық Ел үшін көмек болады. Себебі көптеген компаниялар өз жұмыстарын тоқтатып, экономикаға әсерін тигізуде.Егер карантин режимін сақтап үйлерімізде отырсақ, індеттің алдын аламыз. Өз отбасымыздың өмірін сақтаймыз және де елдегі экономикамыздың аяғына тұрып кетуін тездете аламыз.» – дейді Нұрболат. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығына адалдықпен қарайтын Нұрболат Дәрібекұлы, сонымен қатар  Бейнеу ОАА-сының бастауыш кәсіподақ төрағасы болып көптеген игі істердің бастауында жүр.

*#ЕлҮмітінАқтаған* *#АқХалаттыАбзалЖан* *#ҚРКФ* *#BizBirgemiz*