Мейірімді медбике жайлы бір үзік сыр

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған-ақ халатты абзал жан» атты акциясы жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласынан акцияға үн қосқан әріптестеріміз өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын медбике жайлы материалды ұсынады.

Денсаулық сақтау саласында медбике – сырқат адамға басым көңіл бөліп, қажетті күтімін жасайтын, мейірбандық көрсетіп, жанашыр болатын маман.  Қазіргі уақытта да қауіпті індетпен күрестің бел ортасында жүрген медбикелер өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқаруда. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емхананың медбикесі Венера Джумакулова. Ол соңғы 2 айдан бері Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолы пост-бекетінде кезекшілік жұмысын атқарып келеді.

«Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, Нұр-Сұлтан қаласындағы пост-бекеттер қызметі алынған жоқ. Біз ең алдымен қалаға кірген және шыққан барлық  жолаушыларға дене қызуын өлшеу қажеттілігін түсіндіріп, сауалнамалар толтырамыз. Егер жолаушылардың дене қызуы жоғары болған жағдайда жедел жәрдем шақырылып, әрі қарай тексерілуге жіберіледі»,- дейді В.Джумакулова.

Тазалық пен мейірімділікті бойына сіңірген Венера бала кезінен адамзат баласына көмек көрсетіп, денсаулық қорғаны болуды армандады.

«Дәрігердің бойында арыстандай айбатты батылдық, өзі қалаған ісіне сүйіспеншілік және анадай мейірімді қасиеттері болу керек. Осы үш қасиет кәсіби міндетімізді атқаруға көмектеседі. Алдағы уақытта мен өзімнің дәрігерлік жолымды қарттар үйіне барып жалғастырғым келеді. Қарт адамдардың денсаулықтарына қарап, жүздеріне қуаныш сыйлап, ықыластарына бөленіп, батасын алсам»,-дейді бізбен ой бөлскен Венера Джумакулова.

Игілікті мамандық иесі атанған медбикелер қызметі қашанда құрметке лайық!

*#ЕлҮмітінАқтаған* *#АқХалаттыАбзалЖан* *#ҚРКФ* *#BizBirgemiz*