Мейірімін төккен мейірбике

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде
«көрінбейтін жаумен» алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының  Facebook әлеуметтік желісінде  бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясы жалғасуда. Акцияға үн қосқан қызылордалық әріптестер дайындаған материал ұзақ жылдар бойы  өз мамандығына адалдықпен еңбек етіп жүрген мейірбике жайында.

«Ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етуге міндеттіміз, бұл біздің борышымыз» дейді Данеева Тұрғаш Аманкелдіқызы.
Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бас мейірбикесі. Ол әріптестерімен бірге қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүр, ауруханадағы карантинге алынған тұрғындармен жасалып жатқан жұмыстардың басында, мейірбикелердің көшбасшысы ретінде күні-түні еңбек етуде.
Тұрғаш Аманкелдіқызы мейірбикелік 27 жыл еңбек өтіліндегі бала кездегі арманын, жұмысына деген құрметін  әңгіме кезінде ерекше ықыласпен тарқатты: «Мектеп қабырғасында оқып жүргенде медицина саласында жұмыс жасауды алдыма мақсат етіп қойғанмын. Сол мақсатыма жету жолында медицина училищесіне оқуға түсіп, кәсіби білім алдым. Мен өзім көпшілікпен жұмыс істегенді  қатты ұнатамын, сосын қандай да бір жетістікке жету үшін барымды салып істеген ісімнен жақсы нәтиже шығаруға тырысамын, бәлкім бұл менің отбасымнан алған тәлім-тәрбием болар. Кел-келген тапсырманы тиянақты әрі сапалы, мерзімінде орындау менің басты ұстанымым».
Медицина училищесін тәмамдаған соң Т.Данеева еңбек жолын 1993 жылы Жаңақорған ауданы орталық ауруханасының хирургия бөлімінде мейірбике болып бастаған, терапия бөлімінде мейірбике болған. Өзінің қызметтік міндетін үлкен жауапкершілікпен орындайтын мейірімді мейірбике, ұжым арасында ұйымдастырушылық, талапшылдық қасиеттерімен ерекшеленеді. Қазірде ол 2006 жылдан бастап аурухананың бас мейірбикесі болып қызмет жасайды.
«Қазіргі уақытта ауданда індетпен күресу жолындағы барлық медицина қызметкерлерінің сақтық шараларына жете мән беруі, олардың арнайы киімдермен және басқа да жабдықтармен уақтылы жабдықталуы, тамақтануы, басқа да ұйымдастыру мәселелері маған жүктелген, сондықтан үй бетін көрмей 24 сағат жұмыс істеуіме тура келеді және ол үшін өкінбеймін, өйткені біз ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етуге міндеттіміз, бұл біздің борышымыз. Коронавирус індетімен күресу жолындағы медицина қызметкерлерінің еңбегін мемлекет жоғары бағалауда, ризамыз. Біздерге
әлеуметтік желілер арқылы түрлі челлендждер ұйымдастырып, пікір жазып, жұмысымызға сәттілік қолдау білдіріп, сенім артып жатқан баршаңызға көп рахмет»,- дейді Тұрғаш Аманкелдіқызы .
Әлемді дүрліктірген індетпен қасқая күрескен медицина қызметкерлеріне, дертіне дауа іздеген отандастарымызға мейірімін төге қамқор болып жүрген төл мереке иегерлері – мейіргерлерге мың рахмет!

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз