Ізгілікке құштарлық

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Facebook әлеуметтік желісінде бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясы жалғасуда. Бүгін солтүстікқазақстандық  дәрігер жайлы материалды ұсынамыз.

Дәрігер еңбегінен ардақты да құрметті не бар екен бұл өмірде? Қиын, бірақ сол қиындығымен де қызықты мамандық. Тіпті жас бүлдіршіндердің алғашқы рет қызығып ойнайтын әлеуметтік ойындарының бірі де дәрігерлік екендігі рас. Дәрігер мамандығының әлеуметтік маңызы зор, сондықтан қандай да болмасын құрметке лайық. Бұл мамандықты ұстаздық секілді жүрек қалауымен таңдап алған жандар ғана нағыз дәрігер бола алады. Осындай нағыз дәрігерлер ғана отандық медицина атына айтылып жатқан қаншама сындарға қарамастан, өз ісіне жан-тәнімен беріле, жанкештілікпен еңбек ете алады. Өзінің бар ғұмырын ұлы іске – адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға арнай алады.

Бүгін біз дәл осындай жандардың бірі туралы сыр шерткіміз келеді.

Абылайхан Дүйсембайұлы Баяндин 4 жылдан бері №3 қалалық емханада жалпы практика дәрігері болып еңбек етіп келеді. Ол 1991 жылғы 10 тамызда дүниеге келген. Анасы да медицина қызметкері, акушер-дәрігер. Туған жері – Ақжар ауданындағы Киевское селосы. Орта мектепті Мағжан Жұмабаев ауданы Советское селосында бітірді. Ерте жастан дәрігер болуды армандаған. Бала күнінде ауыр науқасқа ұшырауы Абылайханның дәрігер боламын деп берік шешім қабылдауына ықпал еткен. 9 жасында Петропавл қаласындағы облыстық балалар ауруханасының неврология бөліміне ауыр халде түскен. Дәрігерлер оның өмірі үшін екі ай бойы күресті.

«Мені емдеген невролог-дәрігер Вера Бочагова. Ол кісінің кәсіби шеберлігімен қоса мейірімділігіне тәнті болдым. Сол жолы өзіме міндетті түрде дәрігер боламын және адамдарға сол кісідей қызмет етемін деп серт бердім. Жыл сайын осы аурухананың неврология бөлімінде оңалту курстарын өтіп тұрдым. Сол кездері өзімнің дәрігер мамандығын дұрыс таңдағаныма көзім жете түсті»,- деп еске алады Абылайхан  Баяндин.

2009 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін Абылайхан Баяндин Астана медициналық университетіне оқуға түседі. 2016 жылы дәрігер дипломын алғаннан кейін №3 қалалық емханада еңбек жолын бастаған Абылайхан күні бүгінге дейін осы мекемеде еңбек етеді.

Covid-19 пандемиясымен күрес аясында карантин шаралары жарияланған кезде Абылайхан Дүйсембайұлы  Бірінші қалалық ауруханада ашылған провизорлық госпитальға уақытша қызмет етуге жіберілді. Арнайы дайындықтан өткеннен кейін өз міндеттерін атқаруға кірісті. Жұмыс жеңіл болмады. Ұжым жоғары кәсіби шеберлік пен ынтымақтастықтың арқасында қиындықтарды жеңіп шықты. Қазір провизорлық орталықтағы жұмыстан кейін үй карантинінде отыр. Көп ұзамай емханадағы өзінің негізгі қызметіне кіріседі. Ол қажет болған жағдайда өзінің алғы шептегі әріптестеріне тағы да көмекке келуге әзір.

ШЖҚ «№3 қалалық емхана» “Senim “Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” РҚБ СҚО бойынша филиалының мүшелік ұйымы болып табылады. Бүгінгі күні емханада 504 адам еңбек етеді. Олардың 94%-ы кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ комитетінің төрайымы  Раушан Байлина .

Біздің кейіпкерімізге және барлық медицина қызметкерлеріне атқарып жүрген қиын да болса игі істері үшін шексіз алғысымызды білдіріп, мықты денсаулық, зор бақыт тілейміз.

#ЕлҮмiтiнАқтаған

#АқХалаттыАбзалЖан

#ҚРКФ

#BizBirgemiz