Сенімді әлеуметтік әріптестіктен лайықты еңбек жағдайларына

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Үкімет, республикалық жұмысшылар бірлестіктері мен республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім концепциясының жобасын талқылау, сондай-ақ кәсіподақтардың алдағы қызметінің басты бағыттарын әзірлеу үшін салалық кәсіподақтардың басшыларымен жұмыс бабындағы бірқатар кездесулер өткізді.

Бас келісім концепциясының жобасын ҚРКФ жұмыс тобы мүше ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, әзірледі. Жоба жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау және қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге қатысты өзекті мәселелер кешенінен тұрады.

Отырысты ашқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіподақтар негізі Бас келісім болып табылатын әлеуметтік әріптестіктің ең мүдделі және жүйелі тарабы болып табылатынын атап өтті.

ҚРКФ басшысы туындаған күрделі экономикалық жағдайда Бас келісім нормаларының сапасы мен тиімділігі мәселесіне ерекше назар аударды.

– Дағдарыс жағдайында дағдарыс себептері мен көлеміне талдау жүргізілуі, жаңа жұмыс орындарын сақтау және құруға, әлеуметтік-еңбек саласында кепілдерді қамтамасыз етуге, экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға, тұрақты экономикалық өсім бағдарына қайтып оралуға қатысты ұсыныстар әзірленуі тиіс әлеуметтік әріптестік жүйесінің рөлі айқын артуда, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Атап өткендей, жаңа Бас келісім концепциясында еңбек саласында халықаралық нормалар мен құқықтарды сақтауға; халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге; әлеуметтік диалогқа бағытталған ХЕҰ қалыптастырған лайықты еңбек қағидалары негізге алынды.

Қазақстанда лайықты еңбекті қамтамасыз ету деңгейін бағалау үшін Кәсіподақтар федерациясының төрағасы оның көрсеткіштерінің әрқайсысына, соның ішінде жұмыссыздық деңгейі, жалпы жұмыспен қамту, жалақысы төмен жұмысшылардың үлесі және т.б. мониторинг жүргізу қажеттілігін атап өтті.

Осы орайда кездесуге қатысушылар ҚРКФ әлеуметтік заңнамалық акті қабылдау арқылы республикалық, салалық және жергілікті комиссиялардың мәртебесін әлі де арттыру қажеттігі туралы бастамасына қолдау білдірді.

Сондай-ақ, кәсіподақтар қозғалысының көшбасшылары ҚРКФ Бас келісім жобасын республикалық кәсіподақтар бірлестіктерімен талқылау жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Олардың пікірінше, бұл Қазақстан кәсіподақтарының үйлесімді бағдарын құжатта көрсетуге мүмкіндік береді.

Талқылау соңында салалық кәсіподақтардың басшылары жаңа Бас келісім концепциясының жобасы уақыт талаптарына жауап беретін қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешудің бірқатар жаңа прогрессивті механизмдерінен тұратынын атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – кәсіподақтардың алдағы жұмысындағы басым міндеттер туралы мәселені талқылау аясында Сатыбалды Дәулеталин әріптестерді ҚР Үкіметі және Республикалық үшжақты комиссия деңгейінде қарастыруды талап ететін әр саладағы ең өзекті еңбек мәселелерін жинақтауға және талдауға шақырды.

Сонымен қатар, кәсіподақтардың маңызды міндеттері ретінде халықаралық әріптестікті әрі қарай да нығайту, еңбек саласында тиімді дағдарысқа қарсы механизмдерді әзірлеу, сондай-ақ ҚРКФ мүше ұйымдардың белсенді өзара байланысы айқындалды.

Мүше ұйымдарды нығайту және бірігу, ұйымдық және қаржылық нығаю мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар туралы келісімге қолжеткізілді.

Салалық кәсіподақтармен осындай форматтағы кездесулер тұрақты негізде болады.

 

Анықтама үшін: Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) ең ірі қоғамдық ұйым болып табылады, құрамына 2 миллион еңбеккер, 23 республикалық салалық, 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері мен 17 мың бастауыш кәісіподақ ұйымдары кіреді.

Қазіргі таңда әлеуметтік-еңбек қатынастары заңнамалық нормалармен қатар, Бас келісімнің, 22 салалық және 16 жергілікті келісім мен 125 мыңнан аса ұжымдық шарттардың нормалары мен ережелерімен реттеледі.

Бүгінде ұжымдық шарттар ҚРКФ бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындардың 98 пайызында бекітілген.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі