Жастық жігермен еңбек етіп жүрген Бекжан

«Дәрігерлерге берілетін 14 күндік карантиндік режимнен шыға сала, өз еркіммен жұқпалы аурулар ауруханасына тағы да сұрандым», – дейді ең жас медицина маманы  – Бекжан.

Бекжан Маратов  – 1996 жылдың 8 наурыз күні Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылында дүниеге келген. Ауылдың 11 жылдық жалпы орта  білім беретін мектебін аяқтап, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина колледжінің «Жалпы тәжірибедегі медбикелік іс» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2017 жылы оқу орнын бітіріп, сол жылы облыстық клиникалық аурухананың операциялық бөлімшесіне жұмысқа орналасады. Маман ретінде қызмет ете жүріп, 2018 жылдың аяғында азаматтық борышын өтеуге әскерге кетеді. Әскерден орала салысымен, облыстық клиникалық ауруханасындағы бұрынғы жұмысына қайта  жалғастырады. Әлемдік пандемияға айналған – COVID-19 індетінің алғашқы белгілері елімізде тіркелген  кезден бастап, Бекжан аймақ тұрғындарымен бірге болды. Ағымдағы жылдың 1-ші сәуір күнінен бастап бір айлық уақыт мерзімінде Орал қаласындағы правизорлық станционарда қызмет етеді.

– Дәрігерлерге, медбикелерге әскери казармалық тәртіппен провизорлық станционарда жұмыс жасау кішкене қиындық тудырды. Дегенмен, ол жақта ақ халаттылар үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалынған еді. Әскери борышымды өтеп келгендіктен болар, өзіме казармалық тәртіппен жұмыс жасау ешқандай қиындық тудырмады. Дәрігерлердің тағайындаған екпелерін жасап, үздіксіз ем-домдар жүргіздік, дәл осы жерде дәрігерлердің біраз біліктіліктері мен төзімдері шыңдалды деп ойлаймын, – деді өз сөзінде Бекжан.

Провизорлық станционардағы жұмысын аяқтай салысымен, Бекжан 14 күндік карантиндік режимге жіберіледі. Карантиндік режим аяқталғаннан соң, ол облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына сұранып, 1-ші мамырдан бастап жұмысқа кіріседі.

– Жұқпалы аурулар ауруханасы қазіргі таңда, коронавирустың шоғыры болып табылатын жер екенін біле тұра, өз еркіммен сұранып осында келдім. Осында келіп көргенім, ойлағанымнан да бетер  қиын болды. Дәрігерлердің жұмысының сондай ауыр екенін сол сәтте дәрігер ретінде ерекше сезіндім. Бастапқы 2-3 күн мен үшін бейімделу үрдісінің жүрген уақыттары болды. Таңнан кешке дейін басыңнан аяғыңа дейін қапталған қорғаныш костюмдерін, үлкен көзілдірік пен үш қолғапты қатар киіп жүру үлкен ыңғайсыздық тудырғанын жасырмаймын. Ең қиыны сол киімдермен жүріп дәрі ерітіндісін науқастардың тамырына жіберу болды. Әр адамның көк тамырының орналасуы әрқалай болуына байланысты, 3 қабатты қолғаппен оны сезіп, табу қиындау болды. Мен үшін осы уақыт үлкен тәжірибе алаңы бола білді. Жас маман ретінде көп нәрсені үйрендім деп сенімді айта аламын, – дейді ақ халатты абзал жан.

Бекжан  Маратов   басына түскен осы бір қиын сәтте елдің үміті мен сенімі ауадай қажет екенін айтады. Осы орайда, ол өзінің  осындай қиын қыстау кезде көңіл көншігерлік көмекті көрсете алғанының нәтижесінде өзінің мамандығына деген ықыласы мен қызығушылығының одан сайын артқанын жасырмады. Дәл қазіргі уақытта, Бекжан екінші реттік карантиндік режимге жіберілді.

« Екі ай бойы отбасымды көрмедім, дегенмен азаматтық борышымды абыроймен өтеп жүргенім  көкейге мақтаныш сезімін ұялатады. Ердің елі үшін сыналатын шағы, маманның халқы үшін аянбай еңбек ететін уақыты дәл осы кез деп ойлаймын. Жасыма қарамай, осындай күрделі сынақ кезінде өзіндік тәжірибе алаңын жасай білген әріптестеріме алғысымды білдіремін. Әсіресе, облыстық көп бейінді аурухана ұжымы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ұжымына ерекше алғысымды жеткіземін» , – дейді Бекжан.

Әлем халқын қаусырған осы бір індетпен күресте жан аямай төтеп беріп жүрген ақ халатты абзал жандар – нағыз батырлар.  Қай заманның болмасын өз алыбы мен батыры болған. Солардың қатарында жастық жігермен еңбек етіп жүрген біздің кейіпкеріміз Бекжан  Маратов та бар.  Бүгінгі күнде індетпен  арпалыса жүріп, бар күштері мен уақыттарын сарп етіп жатқан.

#ЕлҮмітінАқтаған #АқХалаттыАбзалЖан# ҚРКФ #BizBirgemiz