ҚРКФ өкілдері мен ХЕҰ халықаралық сарапшылары еңбек саласында пандемияның салдарын еңсеру шараларын талқылады  

20 мамырда “ТМД жастарды жұмыспен қамту саласындағы әріптестік” жобасы аясында Мәскеуде ХЕҰ Бюросы ұйымдастыруымен “COVID-19 пандемиясы жағдайында шұғыл дағдарысқа қарсы шаралардан экономиканы қалпына келтіруге – лайықты еңбек басты назарда” тақырыбында вебинар өтті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан онлайн-шараға Гүлнара Жұмагелдиева, Назгүл Азтаева, Құсейн Есенғазин, Бақытжан Қуанышев,  Зәуреш Өмірбаева қатысты. Онлайн-кездесу барысында қатысушылар COVID-19 пандемиясы тудырған әлеуметтік-еңбек саласындағы дағдарыс салдарын жеңілдету бойынша ХЕҰ ұсыныстарын талқылады. Атап өтілгендей, халықаралық ұйым ұсынған шаралар еңбек нарығына аналитикалық шолу және сарапшылардың бағалауына негізделген.

Шығыс Еуропа және Орталық Азия мемлекеттері үшін ХЕҰ Бюросы мен лайықты еңбек мәселелері бойынша техникалық қолдау тобының директоры Ольга Кулаева атап өткендей, әлемдік еңбек нарығы пандемия жағдайында соғыстан кейінгі жылдар кезіндегі дағдарыспен салыстыруға келетін күрделі қысымды бастан өткеруде.

Осылайша, ХЕҰ мемлекеттерге үш негізгі мақсатқа – жұмысшылардың денсаулығын қорғау және сақтау, жұмыс күшіне сұранысты сақтау, тұрақты әлеуметтік диалог арқылы экономиканы ынталандыруға бар күш-жігерді жұмсауды ұсынады.

Шығыс Еуропа және Орталық Азия мемлекеттері үшін ХЕҰ Бюросы мен лайықты еңбек мәселелері бойынша техникалық қолдау тобының жұмыспен қамту мәселелері бойынша бас маманы Михаил Пушкин өз кезегінде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және табысты қолдау, сонымен қатар экономиканы ынталандыру және жұмыс күшіне сұранысты қамсыздандыру үшін ауқымды және келісілген саяси шараларды қолдану қажет екенін атап өтті.

Оның мәлімдеуінше, 2,5 айда кейбір елдерде жұмыссыздық 3-4 есе артты, Ресейде – 2 есеге жуық, ал АҚШ-та 30 миллионнан астам жұмыссыздар тіркелді.

Сонымен қатар,  ол кедейліктің жоғары деңгейіне алаңдаушылығын білдірді. Мысал ретінде ол аштық жағдайлары анықталған Индия мен Бангладеш сынды елдерді келтірді.

Сарапшының айтуынша, дағдарысты сәтті еңсерудің негізгі факторы әлеуметтік диалог, сондай-ақ жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ынтымақтастығы болмақ.

Норвегияның халықаралық сарапшысы Леонид Андреев жұмыспен қамту, жұмысшылардың құқығын қорғау және әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту жолында кәсіподақтар рөлінің маңыздылығын атап өтті.

Оның пікірінше, дағдарыс салдарын жеңілдету бойынша маңызды шаралар ХЕҰ әлеуметтік қамсыздандырудың минимал нормалары туралы стандарттарын насихаттау және қолдау болып табылады.

Вебинардың онлайн-алаңында шетелдік сарапшылардың сөйлеген сөздерінің қорытындысында жұмысшылардың денсаулығын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және нарықтың құлдырауы жағдайында жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша тиімді пікір алмасулар болды.

https://www.ilo.org/wcmsp5/groups/public/—europe/—ro-geneva/—sro-moscow/documents/publication/wcms_745325.pdf